Google өзі жасаған ең қуатты жасанды интеллект үлгілерін таныстырды

Жарияланды
Google өзінің Калифорнияда өтетін жыл сайынғы I/O конференциясында ЖИ саласындағы соңғы жетістіктері туралы айтты / Фото: Reuters

Google өзінің іздеу жүйесіне ЖИ мүмкіндіктерін қосып, Gemini 1.5 Flash пен Gemini Pro 1.5 чатботының жаңартылған нұсқасын шығарды. Бұл туралы компания өзінің жыл сайынғы іс-шарасы – Калифорниядағы I/O конференциясында мәлімдеді. Осының аясында Google-дың бас компаниясы Alphabet акциясының бағасы Нью-Йорк саудасында 1%-ға өсті. Ал постмаркетте төмендей бастады.

Google не туралы айтты?

Компания сейсенбі күні I/O конференциясында Google іздеу жүйесінің жаңартылған нұсқасы жасанды интеллект жазған жауаптарды пайдалананатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Bloomberg. Агенттіктің айтуынша, танымал іздеу жүйесі жасалғаннан бергі ең маңызды өзгерістердің бірі – осы. «Жаңартулар осы аптада АҚШ-тағы пайдаланушылар үшін қолжетімді болады. Ал алдағы айларда басқа елдерде де пайда болады. Жыл соңына дейін 1 миллиардтан астам пайдаланушы қамтылады», – деп уәде етеді технологиялық алпауыт. Google сұрақтарға жауап дайындауға ЖИ-ды былтыр-ақ қолдана бастады. Бірақ бұл мүмкіндік ақылы түрде жазылғаннан кейін ғана ашылатын, деп жазады Bloomberg.

«Іздеу саласына көптеген инновация енгізіліп жатыр, – деді Google бас директоры Сундар Пичай. – Gemini-дің [жасанды интеллект технологияларының] арқасында біз іздеуге анағұрлым қуатты мүмкіндіктер бере аламыз».

«Google сондай-ақ Gemini сериясына енгізілген ең жаңа толықтыруларын жариялады. Ол – күшейтілген Gemini Pro 1.5 пен әлдеқайда үнемді де тиімді Gemini 1.5 Flash. Мұның екеуі де сөйлесуші адамның сөзін жылдам қорытындылап, сурет пен видеоға жазба қосып, көлемді құжат пен электрондық кестеден дерек суыра алады,– деп хабарлайды CNBC. Ал Gemini Pro 1.5 енді 2 миллион токенге дейінгі көлемде дерек өңдей алады. Бұл, шамамен, екі сағаттық видео, 22 сағаттық аудио немесе 1,4 миллионнан астам сөз.

Google сонымен қатар Project Astra деп аталатын жаңа жүйені таныстырды. Компанияның айтуынша, ЖИ көмекшілерінің болашағы – осы. Ол смартфон камерасы арқылы қоршаған орта туралы қорытынды жасай алады. Конференцияда көрсетілген жарнамалық роликте Project Astra пайдаланушыға бөлмеден көзілдірік табуға көмектесті.

Компания бір минуттан астам уақытқа созылатын әрі тұнықтығы 1080p видеоролик жасай алатын Veo жасанды интеллект моделі туралы алдын ала құлақтандырды және tensor processing unit (TPU) чипінің алтыншы буынын таныстырды.

Бұл не, өзі?

«Google-дан келген жаңалықтардан байқалатыны, 2022 жылы ChatGPT іске қосылғанда нарықтың дүрліккені, сөйтіп Google-дың онлайн іздеу мен жасанды интеллект саласындағы үстемдігіне қауіп төнгені өз өнімдерін жаңартуға күш салуға итермелеген» деп атап өтті Reuters. Ұзақ уақыт әлемдегі үстем іздеу жүйесі болған Google күшейіп келе жатқан бәсекеге, нақтырақ айтқанда, OpenAI (ChatGPT жүйесін жасаған компания) туғызған бәсекеге тап болғанын Bloomberg мойындайды.

Google конференциясы алдында, дүйсенбі, 13 мамырда, Microsoft инвестиция құйған OpenAI өз чатботының жаңа нұсқасын шығарды. Компанияның айтуынша, ол бұрынғы нұсқасынан әрі арзанырақ, әрі екі есе жылдам. 50 тілде мәтін мен нақты уақыт режимінде аудио, видео өңдей алады. Бұған қоса бұрын ақылы жазылымы бар тұтынушыларға ғана қолжетімді болған кей функциялар енді бәрі үшін ашық. Нақтырақ айтқанда, әңгіме интернеттен жауап іздеу, чатботпен сөйлесу және болашақта есіне түсіре алатындай етіп мәлімет сақтау туралы болып отыр.

Бір мезгілде дерлік Claude чатботын әзірлеген Anthropic стартапы оны Еуропада іске қосты. Amazon қолдайтын Anthropic наурызда үш жаңа ЖИ моделі Claude 3-ті таныстырды. Компанияның айтуынша, олардың ең қуаттысы бакалавриат деңгейіндегі білім, ЖОО түлегі деңгейінде талқылау және математика негіздері сияқты салалық сынақтарда жақсы нәтиже көрсетіп, OpenAI жасаған GPT-4 пен Google жасаған Gemini Ultra-дан асып түскен.

Акцияның жайы

«Жыл басынан бері Alphabet акцияларының құны, шамамен, 22%-ға, ал соңғы 12 айда 42,5%-ға көтерілді. Компания акциясының орташа бағасы 191,58 долларды құрайды. Бұл қазіргі саудадағы бағадан 13,3%-ға жоғары. Сарапшылардың басым көпшілігі (64-тің 50-і) Alphabet акциясын сатып алуға кеңес береді. Ал 14-і оған Hold (ұстап отыру) рейтиңін береді», – деп хабарлайды MarketWatch. к

Сондай-ақ оқыңыз