Жайық өзенінің деңгейі әлі де көтеріліп келеді
«Елімізге Ресей Федерациясы аумағынан су келіп жатыр. Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейі – 553 см, Атырау облысының Махамбет ауылында – 988 см. Жайық өзенінің деңгейі одан әрі көтеріліп келеді», – деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінен.
Министрліктің 15 мамырда таратқан мәліметтеріне қарағанда, Батыс Қазақстан облысының төрт ірі су қоймасы 94%-ға толған. Сондықтан аймақта су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда. Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 100%-ға толса, Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да ернеуінен асып тұр. Есіл өзенінде де су тасқынының екінші кезеңі жалғасып жатыр. Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 95%-ға жетіп отыр. Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 85,4%. Абай облысындағы Шүлбі су қоймасы 59,7%-ға, Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 99,7%-ға толған. Ал Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92% шамасында. Өңірде су тасқыны аяқталды.
«Су қоймаларында «Қазсушар» мамандарының кезекшілігі және су шаруашылығы жағдайының мониторингі үздіксіз жалғасуда. Су қоймаларына жиналған тасқын су жазды күндері ауылшаруашылығы саласына пайдаланылатын болады», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
18 сәуірде ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш қауіпті өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары мен су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр деген болатын.
«Жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардың нәтижесінде 18 651 адам өз үйлеріне оралды. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды», – деді Сайпаш.