Carlsberg Kazakhstan ресейлік «Балтикамен» зияткерлік құқыққа қатысты дауда жеңіліп қалды
Carlsberg Kazakhstan ресейлік серіктесі «Балтикамен» арадағы зияткерлік құқыққа қатысты дауда жеңіліс тапты. Бұл туралы 13-апелляциялық арбитраждық сот шешіміне сілтеме жасай отырып, ресейлік БАҚ хабарлайды.
Арбитраждық сот Carlsberg Kazakhstan-ның «Балтика» сыра қайнату компаниясымен Қазақстан, Өзбекстан, Украина және басқа да елдерде зияткерлік меншік нысандарын пайдалануға лицензиялық келісімді жарамсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырмады. Апелляциялық аралық сот шешімінің қарары және уәждемелік бөліктері әлі жарияланбаған. Carlsberg Kazakhstan Санкт-Петербург пен Ленинград облысының арбитраждық сотының 24 қаңтардағы шешіміне шағымданған.
Қос компания арасындағы дауға 2023 жылғы 19 шілдедегі лицензиялық келісім себеп болған. Келісім «Балтика» сыра қайнату компаниясының өнімдері мен брендіне зияткерлік меншікті Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Тәжікстан, Моңғолия және Түрікменстан аймағында пайдалану үшін айрықша құқық беруді көздейді.
Алайда компанияның ресейлік серіктесі Балтика брендімен халықаралық нарыққа шығып жүрген компанияға аталмыш бренд атын пайдалануға тыйым салған. Сол себепті даниялық сыра қайнатушы компанияның қазақстандық бөлімшесі аппеляциялық шағыммен Ресей сотына жүгінген.
Жақында Carlsberg Group-тың Алматыдағы жаңа өндіріс орнына 50 миллион доллар инвестиция салатын хабарланды. Carlsberg Group орталық және Шығыс Еуропа бойынша бірінші вице-президенті Ларс Леманн жаңа өндіріс орнын іске қосу Қазақстан нарығын толық қамтамасыз ететінін атап өткен.
Carlsberg Grouр 2008 жылдан бері елдегі ең ірі сыра зауыттарының бірі – Carlsberg Kazakhstan компаниясына иелік етеді. Ол 1998 жылы «Ақ Нар» деген атаумен құрылған. Кейіннен Ирбис зауытымен қайта құрылып, «Дербес» деп аталды. Содан соң халықаралық Carlsberg Group құрамына кірді.