«Қазақстан даму банкінің» жыл басынан бергі жиынтық табысы 38,4 млрд теңгені құраған
«Қазақстан Даму Банкі» АҚ 2024 жылдың І тоқсанында 38,4 млрд теңге жиынтық табыс тапқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 млрд теңгеге кем. Былтыр банктің І тоқсандағы жиынтық табысы 42,4 млрд теңгені құраған.
ҚДБ-ның 31 наурызға дейінгі аудиттелмеген шоғырланған қаржы есебіне сәйкес, операциялық табысы 49,9 млрд теңге болды. Таза пайыздық табысы 2023 жылмен салыстырғанда 5 млрд теңгеге өсіп, 42,7 млрд теңгеден 47,6 млрд теңгеге жеткен.
2023 жылдың 3 айымен салыстырғанда банктің активтері де, міндеттемелері де артқан. Қазіргі кезде банктің жиынтық актив көлемі 4,5 трлн теңгеге тең. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4,3 трлн теңге еді.
Банктің міндеттемелері қаңтар-наурыз айының нәтижесінде 3,74 трлн теңгеге жеткен. 2023 жылдың І тоқсанында ол 3,42 трлн теңге болған.
2023 жылы 180 млрд теңге таза табыс тапқан қаржы ұйымы өз акционеріне 90 млрд теңге дивиденд төлейтінін хабарлаған болатын. Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі».
Акционерге 2023 жыл үшін төлейтін дивиденд көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе көп болды. Банк алдыңғы жылы 17 млрд теңге дивиденд төлеген. 2022 жылы қаржы ұйымы 34 млрд теңге табыс тапқан еді. Бір жыл ішінде банк табысы да бес еседен аса өскен.
Қазақстан Даму Банкі – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру арқылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету мақсатында құрылған. Банк мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектеседі.
Жыл басында банктің директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Нұрболат Айдапкеловтың орнына Үсен Ғалым тағайындалды. Соңғы бір жарым жылда ҚДБ басшылары бірнеше рет өзгерді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Абай Сарқұловтың орнына Руслан Ысқақов тағайындалды. 2023 жылы Ысқақовтың орнына Нұрлан Байбазаров келді.