Майнерлер 2023 жылы ел бюджетіне 9 млрд теңге салық төлеген
Қазақстан бюджетіне майнинг саласынан 9 млрд теңгеге жуық кіріс түскен. Бұл туралы ЦДИАӨМ Электрондық өнеркәсіп және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры Ғиззат Байтұрсынов айтты.
Майнингтен түсетін салыққа электр энергиясы, қосылған құн салығы (ҚҚС) және деректер орталықтары мен майнерлерден түсетін корпоративтік табыс салығы кіреді.
Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, цифрлық активтерге қатысты қабылданған стандарттар арқасында тізілімге майнингке арналған 350 мыңнан астам құрылғы қосылып, 54 лицензия беріліп, 5 майнинг-кешені аккредиттелген. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), криптобиржалар мен банктер арасындағы жоба аясында жалпы тауар айналымы 230 млн доллардан асқан. Клиенттер саны 52 мың адамды құрайды. 2023 жылы оған 6 криптобиржа және 8 банк қатысқан.
«Осы реформалар мен қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан цифрлық активтер индустриясы алдында тұрған бірқатар маңызды міндетті сәтті еңсерді. Осы нарықтың дамуында басты рөл атқаратын цифрлық активтер нарығына қатысушыларға алғысымды білдіргім келеді», – деді Ғизат Байтұрсынов Астанадағы Binance Kazakhstan баспасөз брифингінде.
Майнерлер Қазақстанға 2017 жылы жаппай келе бастады. Өйткені осы кезеңде көршілес елдер бұл қызмет түріне тыйым салған. Майнинг компаниялардың құқықтық мәртебесіне қатысты үлкен мәселе бар еді. Майнинг өнімі ешқашан біздің Қазақстан экономикасының бір бөлшегі болған емес. Яғни біздің энергетикалық инфрақұрылымды пайдалана отырып, ол компаниялар басқа елдерге өнім өткізетін, салық төлейтін. Ал қазіргі заң бойынша олар біздің де экономикамыздың бір бөлігіне айнала алды. Қазіргі кезде елімізде 300-ге жуық майнинг компания ресми түрде жұмыс істейді.
2021 жылы Қазақстанда криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамыту Жол картасы бекітілді. Сонымен қатар криптобиржалардың АХҚО және банктермен бірлескен пилоттық жобасын іске асыру үшін жұмыс тобы құрылды.
2023 жылдың ақпан айының басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық активтер туралы» заңға қол қойған. Заң құқықтық базаны құруға және цифрлық активтерді өндіру мен айналымы мен өндіруді реттеуге бағытталған.
Қазақстан территориясында криптобиржалардың қызметіне тыйым салынады, сондай-ақ криптовалюта операцияларын жарнамалауға да тыйым салынады.
Дегенмен криптовалюта өндірісі, майнинг, оны өткізу, цифрлық актив операциялары аралығындағы криптовалюталардың толыққанды өндірістік циклін қамтамасыз ету «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеке юрисдикциясына жатады. Осы жағынан алғанда, майнинг компаниялардың өз өнімдерін отандық криптовалюта биржаларында сату міндеттемелерінің енгізілуі қазақстандық киптовалюта экожүйесін құруға және дамытуға мүмкіндік береді.
Былтыр жаздан бері цифрлық майнерлер мен цифрлық майнинг пулдарының кірісіне салық салынып келеді.
2023 жылдың маусымында Binance үкіметтің қолдауымен Қазақстанда жергілікті цифрлық активтер платформасын іске қосты. Ол АХҚО Қаржы қызметтері органының (AFSA) лицензиясы бойынша жұмыс істейді. Сайтта қазір нөлдік комиссиясы бар Fiat және банктік арналар бар.