Жаңалықтар

Қазақстанның экономикалық өсімі төмендеп бара ма?

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор төмендеп барады. Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

Қазақстанның экономикалық өсімі аздап төмендеп барады. Бұны Ұлттық статистика бюросының статистикасынан байқауға болады. Еліміздің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы қаңтар-наурызда 104,7 %-ды құраса, қаңтар-сәуірде 103,9%-ға дейін төмендеп кеткен.

ҰСБ 2024 жылғы қаңтар-сәуір – 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық индикаторды (ҚМИ) жариялады. Қаңтар-сәуірде ол 103,9%-ды құрап, экономикалық өсімнің баяулағанын байқатады. Өйткені алдыңғы айлардағы көрсеткіш сәл жоғары болған. Қаңтар айында 104,3%-ға тең болса, қаңтар-ақпанда 105,2 пайызға дейін көтерілген. Ал қаңтар-наурызда 104,7 пайызға дейін төмендеген.

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2023 жылғы қаңтар-сәуірде 2022 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 105,5% құраған еді.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда құрылыс (+12,2%), байланыс (+8,7%) және көлік және қойма (+7,8%) салаларында ең жоғары өсім байқалды. Ал ауыл шаруашылығы (+1,7%), сауда (+2,3%) және өнеркәсіптегі (+3,2%) өсім әлсіз.

Дегенмен 2024 жылғы қаңтар-сәуірдегі өсімді 2023 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырсақ, өңірлердің басым бөлігінде ҚМИ-дың оң өсім қарқыны байқалады. Теріс өсім Атырау (96,9%), Маңғыстау (98,8%) және Жамбыл (99,4%) облыстарында қалыптасты. Ал ең үлкен өсім қарқынын Ақтөбе облысы (113,5 %), Астана қаласы (110,9%) және Жетісу (110,3%) облысы көрсеткен.

Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-нің 60% аса құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.