2024 жылдың I тоқсанында сақтандыру, қайта сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру саласында орташа жалақы 1 372 158 теңгені құрады. Бір жыл ішінде (2023 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда) көрсеткіш 562 мың теңгеге өсті (+70%). Ал қазір сақтандыру компанияларының қызметкерлері орташа қазақстандықтан 3,6 есе көп айлық алады. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда орташа республикалық деңгейден – 2,3 есе, қаржы және сақтандыру қызметінде – 2 есе, ақпарат және байланыста – 1,7 есе, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметінде – тиісінше 1,4 есе жоғары болып тіркелді.
Өңірлер бойынша статистика
Өңірлік бөліністе 2024 жылдың I тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Батыс Қазақстан облысында – 18,2%, Алматы қаласында – 16,4%, Ақтөбе облысында – 16,1%, Павлодар облысында – 15,9% болып тіркелді.
Орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі қаржы саласында тіркелді
2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі қаржы және сақтандыру қызметінде – 29,7%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 23%-ға, ақпарат және байланыста – 21%-ға өскені байқалды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 15,2%-ға өсті. Оның ішінде сумен жабдықтау, су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет саласында – 28,4%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау саласында – 27,5%-ға артқан.
2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең төменгі өсуі құрылыс саласында (1,4%) тіркелген. Сонымен қатар денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 7,8%-ға өскені байқалды.
Орташа жалақы мөлшері қандай?
2024 жылғы I тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша айлық жалақының орташа мәні 382 279 теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы тиісті кезеңнен 12,3%-ға жоғары.
Ал жалақының медианалық мәні 251 997 теңгені құрады.
2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда айлық жалақының орташа мәні 12,3%-ға өсті. Нақты жалақы индексі 102,7%-ды құрады.
Өткен тоқсанмен салыстырғанда айлық жалақының орташа мәні 2,9%-ға азайды. Ал нақты жалақы индексі 94,6%-ды құрады.
Айта кететіні, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85000 теңге мөлшерінде белгіленді.