2024 жылдың қаңтар-сәуір аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 420 мың тонна қазақстандық мұнай тасымалдады. Шикізат «Транснефть» ПАҚ-ның магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы «Адамова застава» жеткізу пунктіне дейін жеткізілді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы хабарлады.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 330 мың тоннаға артық. 2024 жылдың мамыр айында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 120 мың тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр. 2023 жылы Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу үшін осы бағыт бойынша тасымалдаудың жалпы көлемі 993 мың тоннаны құрады.
Бұл транзит Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісім аясында жүзеге асырылады.
Сонымен қатар 2024 жылдың сәуір айында «ҚазТрансОйл» АҚ Қытай Халық Республикасына 834,8 мың тонна ресейлік мұнайды тасымалдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,8 мың тоннаға көп. 2024 жылдың қаңтар айында Қытайға Ресей мұнайының транзиті 855,6 мың тоннаны, ақпанда – 816,2 мың тоннаны, наурызда – 835,6 мың тоннаны құрады.
2023 жылы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік шикізат транзитінің көлемі 9 млн 989 мың тоннаны құрады.
«ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырының ұлттық операторы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобының бөлігі. Ұзындығы 5,4 мың км мұнай магистральдық құбырларының әртараптандырылған желісіне иелік етеді.