Мағзұм Мырзағалиев ҚМГ Басқарма төрағасы қызметінен кетті, орнына міндетін атқарушы тағайындалды

Жарияланды
Мағзұм Мырзағалиев ҚМГ басшылығынан кетті /Фото: kmg.kz, бильд-редактор: Денис Андреев

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарып келген Мағзұм Мырзағалиев қызметінен кетті. Компанияның хабарлауынша, Ұлттық компания акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өткізілгенге дейін Басқарма төрағасы міндетін Асхат Хасенов атқаратын болады. Ол 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Энергетика вице-министрі қызметін атқарған еді.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымына Асхат Хасеновті таныстырды. Оған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өткізілгенге дейін Басқарма төрағасының міндетін атқару жүктелген. Сондай-ақ Қор басшысы Мағзұм Мырзағалиевке ҚМГ басшысы ретінде атқарған қызметі үшін алғысын білдірді», – делінген компания сайтында жарияланған ақпаратта.

Алайда Ұлттық компания осыған дейін Басқарма төрағасы болып келген Мағзұм Мырзағалиевтің қызметтен кету себебі туралы ақпарат бермепті. Оның орнына Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асхат Хасеновтің өмірбаянынан мәлімет келтірілген.

Мырзағалиев туралы

Мағзұм Мырзағалиев 15 сәуір күні өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазба жариялап, қолдау көрсетіп, сенім білдірген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол 2022 жылдың сәуірінен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарған.

2001 жылы еңбек жолын MI Drilling Fluids International (Schlumberger) компаниясының Теңіз және Батыс Сібір кен орындарында бұрғылау ерітінділері жөніндегі инженері ретінде бастаған.

2004-2007 жылдары – MI Drilling Fluids International Ақтау қаласындағы филиалында бизнесті дамыту жөніндегі менеджер, өндіріс менеджері, филиал басшысы болды.

2007-2013 жылдары – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ түрлі лауазымды қызметтерді атқарды.

2013-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Мұнай және газ вице-министрі.

2014-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі.

2019-2021 жылдары – Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі. 2021-2022 жылдары – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі. «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағалығына дейін Президенттің кеңесшісі болды.

2002 жылы құрылған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай-газ саласында Қазақстан Республикасының мүддесін қорғайды. Ол көмірсутегілерді барлау мен өндіруден бастап, тасымалдау, өңдеу және мамандандырылған қызметтерді көрсетуге дейін барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады.

Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» компаниясы жұмысының 2023 жылғы қорытындысына сәйкес, мәліметтерге сүйенсек, 23,5 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді.

Мұнай тасымалдау көлемі 80,3 млн тоннаны құрады, МӨЗ-де 18,5 млн тонна мұнай өңделді. Компанияның өткен жылғы табысы 8,3 триллион теңгеден асты.

Сондай-ақ оқыңыз