Мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды: инженерия, өңдеу және құрылыс салаларына басымдық берілген
Жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарының тізімі жарияланды. Бұл жайлы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша осы жылы жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант бөлінген. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінген. Бұл бағыттарға 19 344 грант берілген.
Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант бөлінсе, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант бөлінген.
Сонымен бірге биыл алғаш рет министрлік ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар бермек. Мұндай грант түрлері «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» салаларына беріліп отыр. Бұл бағытқа 150 орын беру көзделген.
Ал «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсетіндерге 3 903 орын дайындалған. Бұл жоба негізінде студенттер 4 даярлау бағыты бойынша білім ала алады. Атап айтқанда, бұл грант педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтарына беріледі.
«Оқуды аяқтаған соң студенттерге грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Оны студенттер елдің 11 аймағында өтей алады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жалпы бакалавриатқа түсу үшін 2024-2025 оқу жылында 79 мыңға жуық грант бөлінді.
Ал магистратураға түсуге 13 мыңға жуық, докторантураға 1 900 астам грант бөлінген.
2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлудің толық тізімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланған.