Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын мақұлдады: не өзгереді?

Жарияланды
мемлекеттік сатып алду туралы
Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы аясында жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беріледі / Фото: kursiv.media

Мәжіліс «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасына сәйкес жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беріліп, келісімді рәсімдеу мерзімі едәуір қысқартылмақ.

Заң жобасы аясында сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру көзделген. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу рәсімдері автоматтандырылып, сатып алудың бірыңғай платформасы құрылады.

Мақұлданған заң жобасы негізінде:

  • «мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» ұғымын енгізу және ол бойынша нормаларды регламенттеледі;
  • әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алу» институты енгізіледі;
  • әлеуетті өнім берушілердің рейтингі жасалады;
  • мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары бектіледі.

Өз кезегінде Қаржы вице министрі Дәурен Кеңбейіл мемлекеттік сатып алу шарттары ашық бола түсетінін мәлімдеді. Себебі мемлекеттік сатып алу жүйесіне қоғамдық бақылау жүргізіледі. Яғни азаматтар мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілген жұмыстар дұрыс орындалмаса, шағым түсіре алады.

«Ішкі мемлекеттік аудит камералдық бақылау жүргізеді. Тапсырыс беруші техникалық ерекшеліктерді енгізген сәтте біздің бақылау органдары ондағы талаптарды тексере алады. Егер талаптар тым қатаңдатылған болса, оны түзету туралы тапсырыс берушіге хабарлама жіберіледі. Яғни біз бұл заң жобасы мемлекеттік сатып алу саласында ашықтықты қамтамасыз етеді деп сенімді түрде айта аламыз. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша халықаралық рейтиңде Қазақстан 3 орында тұр», – деді вице-министр.

Сонымен бірге заң жобасы аясында мерзімді бұзғаны және жұмыстарды тиісті сапада жасамағаны үшін өнім берушілердің жауапкершілігі күшейтіледі. Ал отандық өндірушілерге офтейк-келісімшарттар арқылы қолдау көрсетілмек.

«Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы – аса маңызды құжат. Мемлекет басшысы осы мәселені реттеуге қатысты тікелей тапсырма берген болатын. Бұл заң жобасында президенттің тапсырмасы толық ескерілді. Заңда сатып алынатын тауардардың бағасынан бұрын оның сапасына басымдық беріледі. Сонымен бірге рәсімдеу мерзімі едәуір қысқартылады. Ең маңызды тұсы жергілікті тауар өндірушіге артықшылық берілейін деп отыр», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Еске сала кетсек, ақпан айында Қаржы министрі Мәди Такиев  «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасында сатып алу жүйесіне қатысты барлық сынның ескерілетінін атап өткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз