2023 жылы қазақстандықтардың атына алаяқтық жолмен 7,5 млрд теңгеге несие рәсімделген

Жарияланды (жаңартылды )
алаяқтық жасап жүрген
Алаяқтық жолмен рәсімделетін несиелер саны артқан / Фото: kursiv.media

2023 жылы қазақстандықтарды алаяқтар 7,5 млрд теңгеге алдап, атына несие рәсімдеген. Бұл жайлы өзінің депутаттық сауалында депутат Ерлан Стамбеков айтты.

Депутат Ішкі істер министрлігінің мәліметін келтірді. Оған сәйкес, несие сомасы 2022 жылмен салыстырғанда арта түскен. Мәселен, 2022 жылы екінші деңгейлі банктерде 6,6 млрд теңге сомасына алаяқтық жолмен несие рәсімделіп, осыған қатысты жеке тұлғалардан 5 814 өтініш түскен. Ал 2023 жылы мұндай тәсілмен рәсімделген несие сомасы 7,5 млрд теңгені құрап, 6 246 өтінім кеп түскен. 2022 микроқаржы ұйымдарында (МҚҰ) аляқтық жолмен 342 млн теңге сомасына несие рәсімделіп, оған қатысты 619 өтініш тіркелсе, 2023 жылы 255 млн теңге сомасындағы несиеге қатысты 451 өтінім түскен.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап осы жылдың 1 наурызына дейін тек банк секторында жұмыс істемейтін (мерзімі 90 күннен асқан) қарыздардың өсімі 76,5%-ды құрады. Атап айтқанда мұндай қарыздардың көлемі 353 млрд теңгеден 622 млрд теңгеге дейін өскен. Жеке тұлғалардың жұмыс істемейтін несиелерінің тұрақты өсуі тек қаржы институттары мен коллекторлық агенттіктердің тиімсіздігінен ғана емес, қылмыстың, соның ішінде несиелік алаяқтықтың да өсуімен байланысты», – дейді депутат.

Стамбеков мұндай алаяқтар тек азаматтарға ғана залал келтіріп қоймай, сонымен бірге ішкі істер органдарының және ҚНРДА-ның беделіне нұқсан келтіретінін айтады. Жоғары мінберлерден бұл мәселені шешу қажеттігі, жағдайды түзеуге қатысты ұрандар айтылғанымен, іс жүзінде жағдайдың күрделеніп, алаяқтар айласын асырып жатқанын атап өтті.

Бүгінгі күннің проблемасына айналған бұл қылмыс түрімен Ішкі істер министрлігі мен жауапты орган ҚНРДА-ның дұрыстап күресе алмай жатқанын мәлімдеп:

«Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының құрылымдары мен жауапты органиҚНРДА алаяқтарды табу және қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша өзекті проблемалық мәселелерді шешуге келгенде тартыншақтайды. Ал қаржы институттары болса, нақты проблеманы шешіп, қылмыстарды ашуға көмектесудің орнынан жәбірленуші тарапты борышкер ретінде танып жатады», – дейді.

Осы орайда депутат кредиторларға қатысты талапты күшейтуді ұсынады. Мәселен, қарыз беруші ұйымдарды өзін-өзі өлтіруге итермелеу фактісі бойынша тексеру тетігін енгізу қажет деп санайды. Яғни тергеу органдарына кредитордан телефон арқылы сөйлесулердің жазбаларын талап етуге және қайтыс болған адамның кредитор өкілдерімен сөйлесулерін тыңдауға мүмкіндік беру ұсынылған.

Сонымен бірге өтінімдерді қабылдау және интернет-алаяқтықпен және алаяқтық жолмен берілген несиелерді өңдеуге қатысты істерді анықтау бойынша статистикалық мәліметтерді тұрақты негізде жария етілуі тиіс деп санайды.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың жылдың қаңтар-қараша айларында елде «Алаяқтық» бабы бойынша 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға көп екен. Он бір айының қорытындысы бойынша алаяқтық құқық бұзушылық жолымен келтірілген залалдың белгіленген мөлшері 96,5 млрд теңгені құраған.

Ал ІІМ орынбасары Айдос Рысбаев елдегі киберқылмыстың 99%-ы интернет-алаяқтықпен байланысты екенін айтты. Мұндай қылмыстар шетелден немесе шетелдік интернет ресурстарды пайдалану арқылы жасалады. «Шетелдік алаяқтар» өздерінің қылмыстық мақсаттары үшін «дроптарды» («қылмыстық тізбектің ең төменгі» буыны, банк картасының ұрланған ақшаның «транзитіне» айналуына келісетін адам) пайдаланады. Ол интернет алаяқтық қылмысын тергеу өте қиын екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз