Қазақстан тарапы Въетнамға электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіруге ұсыныс жасады

Жарияланды (жаңартылды )
Жұманғарин Въетнамға электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіруді ұсынды /primeminister.kz

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин вьетнамдық компаниялардың Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігін зерттегені дұрыс деп есептейді. Ол бұл жөнінде Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен кездескенде мәлімдеді.

Тараптар сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласы бойынша бірлескен жобаларды қолға алу жайын қозғады. Серік Жұманғарин Вьетнам делегациясына электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіруге назар аударуды ұсынды. Бұл үшін Қазақстандағы ірі литий кен орындарында шикізат қоры жеткілікті. Жаңа жоба Қазақстанның жоғары технологиялық секторының өсуіне, ал вьетнамдық автоөндірушілерге өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын сақтауға мүмкіндік береді.

«Вьетнам Қазақстан үшін Азиядағы маңызды серіктестердің бірі болып табылады. ҚР Президентінің былтыр тамыздағы Вьетнамға ресми сапарының қорытындысы бойынша біз екіжақты қарым-қатынастарымыздың жоғары белсенділігін атап өтеміз: тауар айналымы 85% -ға өсіп, шамамен 1  млрд долларға жетті. Елдеріміз арасында аптасына 13 әуе рейсі орындалады. Ұшу географиясын кеңейтуге дайынбыз»,— деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Премьер-министрдің орынбасары Транскаспий халықаралық көлік бағыты теңіз бағыттарына қарағанда шығыстан батысқа қарай 3-4 есе жылдам жүруге мүмкіндік беретінін айтты. Жұманғарин төте жол шығынды айтарлықтай азаяды деп түсіндірді.

«Біз ТХКБ Азия мен Еуропа арасындағы ең оңтайлы бағыт деп есептейміз. Сондай-ақ Ляньюньган теңіз портындағы Қазақстан-Қытай терминалының және Сиань құрғақ портының қуатын іске қосуды ұсынамыз», —  деді ол.

Екі ел бұған дейін сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіткен. Одан бөлек өзара визасыз режим орнатуға келісті. 2023 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда $979,2 млн құрады –  өсім 85,4% ($528,3 млн). Экспорт 180,2 млн доллар (+ 44,1%), импорт – 799 млн доллар (+ 98%).

Сондай-ақ оқыңыз