Жаңалықтар

Көтерме саудада тауарлық газ бағасын өсіру ішкі нарықта шикізат тапшылығының алдын алуға көмектеседі – Энергетика министрлігі

газ инспекциясы
Министрлік тауарлық газ бағасын өсірмек / kursiv.media

1 шілдеден бастап Қазақстанда тауарлық газдың көтерме бағасын өсіру мәселесі қарастырылады. Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы» бұйрыққа түзетулер жобасын дайындады.

Бұйрық жобасына сәйкес ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасының өсуі өңірге байланысты текше метр үшін 3-4,8 теңгені, республика бойынша текше метр үшін орташа өсім 3 теңгені құрайды. Қазіргі қолданыстағы орташа көтерме баға – 20,64 теңге/м3 болса, ол алдағы уақытта 23,64 теңге/м3 болады.

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстандағы газдың көтерме бағасы – бүкіл әлемдегі ең төмен бағалардың бірі. Мәселен, тұтынушылар 1 мың текше метр үшін шамамен 20 640 теңге төлейді. Ал көршілес Ресей Федерациясында 1 мың текше метр газдың құны 35 000 теңге деңгейінде.

Бұл ретте газ бағасының тежелуі Қазақстанның кейбір өңірлерінде (Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстары) өзіндік құнның бекітілген бағадан 150-200%-ға асып кетуіне, сондай-ақ отандық өндіріс әлеуетінің жыл сайын төмендеуіне әкелді.

Төмен баға газ саласы бойынша инвестиция тарту деңгейіне әсер етуде. Жер қойнауын пайдаланушылар шығынның көп болуына байланысты газ кен орындарын игеруге мүдделі емес. Осыған байланысты тауарлық газ өндіру қарқыны баяулап келеді. Бұл жағдай тауарлық газ тапшылығы тудыруы мүмкін. Шикізатқа жетіспеушілікті қымбат импорт есебінен толтыруға тура келеді.

Министрлік газ бағасын өсіру осы тығырықтан шығуға көмектеседі деп есептейді.

«Бұл шара ішкі нарықты тұрақты және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге, газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Айта кету керек, ұсынылып отырған тауарлық газ бағасының өсуі тұтынушыларға айтарлықтай әсер етпейді – жылына орта есеппен жеке үй үшін шығыс көлемі айына 1 080 теңгеге өссе, пәтерлерге айына 130 теңгеге  артады», – делінген Энергетика министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Биылғы ақпан айында Үкімет тауарлық газ бағасын бір жыл ішінде 20%-ға қымбаттату туралы шешім қабылдағаны мәлімдеген. Бұйрық жобасында елде газ тұтынудың күрт өсуі мүмкін екені, ресурстық базаның жаңа көздерінің елеулі көлемінің болмауы салдарынан 2026 жылға қарай экспорттық кірістер есебінен ішкі нарық шығындарын өтеу қиындайтыны айтылған.