«Рейдерлік әрекет болуы ықтимал»: депутат балық өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді
Елдің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған балық шаруашылығына қатысты қылмыстық қудалау мен шабуыл тоқтамай тұр. Осылай деген депутат Ерлан Саиров балықшылардың мәселесін көтерді.
Мәжілісмен мемлекет басшысының бизнеске қарсы «Азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынады» деген тапсырмасын еске салды. Депутаттың айтуынша, Президенттің тапсырмасына қарамастан қаржы агенттігі балық шаруашылығына шабуыл жасап жатыр.
«2023 жылдың қазан айынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерінде балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Зауыттардың барлығы өнімді экспортқа шығарушы болып табылады. Яғни бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады! Отандық балық өнеркәсібі саласы 1300-ге жуық балық шаруашылығының субъектілерінен тұрады, аталған салада және еншілес кәсіпорындарда 500 000-ға жуық адам жұмыс істейді»,- деді мәжілісмен Бас Прокуратура мен Қаржы агенттігіне жолдаған сауалында.
Саиров балық өнеркәсібі дайын өнімді экспорттайтын бірден-бір экономикалық бағыты екенін атап өтті. Бүгінде балықшылар өңделген өнімдерді ЕО, Қытай, ТМД елдеріне, Таяу Шығыс елдеріне, яғни 36 мемлекетке экспорттап отыр. Өткен жылы шет елге өңделген шортан, сазан, судак тәрізді балықтарының 30 мың тоннаға жуық өнімі экспортталған.
«Осынау еліміздің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржы мониторингі салық төлеуден жалтырды деген екі ұдайы айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған 9 зауыттың бүкіл бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, зауыттар жұмысын тоқтатқан. Қаржы мониторингі агенттігінің әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келуі ықтималы жоғары»,- деді депутат.
Депутат осының салдарынан мемлекетке төленіп отырған салық тоқтайтынын жеткізді. Балық өнеркәсібінде істейтін мыңдаған азаматтың жалақысыз қалуы тағы бар. Сонымен қатар зауыттардың өздеріне шет елден өнімді уақытында жеткізбегені үшін штрафтық санкциялардың келу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді.
«Балықшыларды қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ, яғни мемлекетке экономикалық зиян күннен-күнге артуда! «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал»,- деп толықтырды мәжілісмен.
«AMANAT» фракциясы Қазақстанның экспортын қалыптастыратын экономика саласын тұқыртпай, керісінше дамыту қажет деп есептейді.
«Ол үшін Бас Прокуратура Қаржы мониторингі агенттігінің балық зауыттарын тексерулерінің заңдылығын анықтауы қажет және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Қаржы мониторингі агенттігінің ашқан қылмыстық істеріне тез арада қажетті құқықтық баға беріп, қарастырылып отырған істерді заң аясында әділетті тоқтатуды қажет. Бас Прокуратура Құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуы тиіс. Бас Прокуратура Президенттің құқық қорғау органдарға отандық бизнесті күштеуді тоқтату жөніндегі тапсырмасын толық орындалуын қамтамасыз ету маңызды» , – деп талабын жеткізді депутат.
Айта кетейік осыған дейін балық шаруашылығы комитетінің басшысы бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінген еді.