Қазақстанда бұрынғы уақыт белдеуі қайтарыла ма? Бұл сұраққа
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев жауап берді.
Айта кетейік, қазақстандықтар бұрынғы сағат белдеуіне көшуді талап етіп, петиция жариялаған. Министр орынбасары уақыт белдеуін қайта ауыстыру мәселесі петиция нәтижесінен кейін белгілі болатынын жеткізді.
«Қазір бұл туралы сөз қозғауға ерте. Әзірге біз министрліктің басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылдаған ресми ұстанымын ұстанамыз», – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Алайда Қайрат Төребаев петиция 50 мың қол жинаса, бұрынғы сағат белдеуіне оралуымыз мүмкін екенін айтты.
«Петиция 19 сәуірде жарияланды. Қазір мың адамдай қол қойған. Біз мұқият мониторинг жасап отырмыз. Петицияда көрсетілген талаптар ескеріледі. Желтоқсан айында шешілетін мәселені гипотетикалық түрде талқылайтын боламыз. 50 мың дауыстың сыни массасына қол жеткізген жағдайда, жұмыс үкімет ішінде қайтадан қаралады», – деді спикер.
Айта кетейік, 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап барлық республика аумағында бірыңғай уақыт белгіленді. Қазақстан UTC +5 уақыт белдеуіне ауысты.
Қай өңірде сағат тілі кері жылжыды
ҚР аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытты.
Бірыңғай уақыт белдеуі не үшін керек
Ғалымдардың пікірінше, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Бұл биологиялық ырғақтар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынды.
1 желтоқсанында есеп бекітіліп, Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.