Netflix жарнама нарығында Google және Amazon-мен бәсекелес болғысы келеді
Netflix жарнама көрсетуге арналған өзінің платформасын іске қоспақ. Ол жерде жарнама берушілер ақысын төлеп, хабарландыру орналастырады, сондай-ақ оның тиімділігі туралы статистика ала алады. Бұл 270 миллион жазылушысы бар Netflix-ті дәл солай жарнамалық қызметтер ұсынатын Google мен Amazon-ға бәсекелес етеді деп санайды TechCrunch. Бір жарым жыл бұрын жарнамалық тарифтік жоспарды іске қосқан Netflix жарнаманы тұрақты табыс көзіне айналдырғысы келеді.
Толығырақ
«Netflix 2025 жылдың соңына дейін өзінің жеке жарнамалық платформасын жасайды», – деп хабарлады компания Upfront жарнама берушілеріне арналған екінші презентациясында. «Бұл қадам жарнама берушілерге жаңа [жарнама] сатып алу мүмкіндіктерін, қолдану идеяларын және ықпалын өлшеу тәсілдерін ұсынады» делінген ағындық қызметтің мәлімдемесінде. «Netflix бәсекелестерден озып, пайдаланушылар мен брендтер үшін жақсы мүмкіндіктер туғызу мақсатында тұтынушыларға жан-жақты зерттеулер жүргізеді», – деп атап өтті компанияның жарнама жөніндегі президенті Эми Рейнхард.
2022 жылдың қарашасында Netflix жарнама көрсетілетін арзан жазылымды іске қосқан еді. Қазір, компанияның өз мәліметі бойынша, бұл жазылымның бүкіл әлемде 40 миллион белсенді пайдаланушысы бар. Осы тариф қолжетімді елдерде олар барлық жаңа жазылымның 40%-нан астамын құрайды. АҚШ-та мұндай жоспар құны – айына 7 доллар, бұл – әдеттегі жазылым құнының жартысынан да төмен сома.
Бұл несімен маңызды?
«Өзінің жарнамалық платформасын іске қосуға ұйғарған Netflix енді жарнамалық қызметтері бар ірі технологиялық компаниялардың бәсекелесіне айналады. Ол, ең алдымен, Google, Amazon және Comcast» деп жазады TechCrunch. «Netflix жарнама саласын жаңа табыс көзіне айналдыру жолында жұмыс істеп жатыр» деп қостады Bloomberg.
«Netflix-тің пайдаланушылар базасы «үлкен»: 270 миллион жазылушысы бар. Жеке жарнамалық платформа құру туралы шешімі – компанияның жарнама саласындағы үлкен стратегиялық қадамы. Бұған дейін ол Microsoft корпорациясымен бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында жарнама нарығына тез кіріп, ашқанына 10 жылдан астам уақыт болған жеке жарнамалық сервері бар Hulu ағындық қызметін қуып жетті» деп жазады TechCrunch.
«Енді Netflix жарнамалық бизнеске толық кіріскісі келеді. Өз платформасының болуы бизнесті басқару мүмкіндігін арттырады: жарнама берушілерге жарнама сатып алудың және оның тиімділігін бағалаудың жаңа тәсілдерін ұсына алады» дейді Bloomberg.
The Financial Times 2023 жылдың жазында «Netflix жарнаманың көрсетілімін қалай өзгерткісі келетінін айтқан жоқ. Ағындық қызмет «барған сайын таргеттелген және жекелендірілген» жарнамалық форматтар құруға ниетті» деп жазған болатын. «Содан кейін, мысалы, тақырыпқа жақын сериал кезінде көрсетілетін әртүрлі, бірақ өзара байланысты бейнелер сериясы талқыланды: бұл бір жарнаманы бірнеше рет көрсететіндігі туралы пайдаланушылар жиі айтатын шағымға берілген жауап болуы мүмкін» деп мәлімдеді FT.
Акцияның жайы
Netflix презентациясында айтылған бұл жаңалық инвесторларға әсер етпеді. 15 мамырдағы сауда күнінде акциялар 1,7%-ға қымбаттады да, сосын қарқынын жоғалтып, сауда 0,02%-ға төмендеп барып аяқталды. Кеңейтілген саудада да қағаздар бағасы өзгерген жоқ. 2024 жылдың басынан бері компания қағаздары 26%-ға қымбаттады.
Сарапшылардың көбі компания акцияларын сатып алуға кеңес береді: оларда 26 Buy рейтингі және 52-ден алтауы – Overweight («нарықтан жоғары») деп көрсетеді FactSet. Он сегіз сарапшы акцияларды ұстап отыруға (Hold), екеуі ғана сатуға шақырады (бірі Sell, екіншісі Underweight («нарықтан төмен») рейтингін береді).