Жаңалықтар

Ипотекалық дағдарысты алдын ала болжаған инвестор Alibaba мен JD.com акцияларын сатып алып жатыр

Майкл Бьюрри Alibaba мен JD.com акцияларын сатып алып жатыр/ Фото: Reiental Image via Reuters Connect

2008 жылғы ипотекалық дағдарысты алдын ала болжаған америкалық қаржыгер Майкл Бьюрриге тиесілі Scion Asset Management қоры Қытайдың ірі технологиялық компанияларының бағасын көтерді. Scion бірінші тоқсанда JD.com мен Alibaba Group компанияларындағы позициясын екі есе арттырды. Бұл кезде осы акциялар бағасы әбден түсіп кеткен болатын.

Толығырақ

АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына берілген соңғы тоқсандағы есепке сәйкес, JD.com компаниясы Scion-нің ең ірі активіне айналды. Қытайлық электрондық коммерция операторындағы инвестициялық компанияның үлесі 80%-ға артты. Бұрын иелігіндегі акция 200 мың еді. Енді 360 мың болды. Scion актив портфелінде екінші орынды Alibaba интернет ретейлері алады. Өткен тоқсанда Бьюрридің инвестициялық компаниясы Alibaba-дағы үлесін 66%-ға арттырып, соңғы тоқсанда қолда бар 75 мың акцияға қосымша тағы 50 мыңын сатып алды. Scion иелігіндегі JD.com мен Alibaba акциялары пакетінің нарықтық жиынтық құны өткен тоқсанда 63%-ға жоғарылады. Бір тоқсан бұрын 11,6 миллион доллар болған, енді 18,9 миллион доллар болды.

«2008 жылғы әлемдік дағдарыстың бастаулары туралы «The Big Short» фильмінің арқасында танымал болған Бьюрри 2023 жылы бір сәтте бәрін сатып жіберген қытайлық технологиялық акцияларға қайта оралды. Бұл ісі ақталып жатқан сияқты», – деп жазады Bloomberg. АҚШ-та саудаға салынып жатқан JD.com акциялары биыл 16%-дан аса мөлшерде, Alibaba акциялары 4,5%-ға қымбаттады. Өткен тоқсанда Бьюрри 4,2 миллион долларға сатып алған Baidu интернет-іздеу жүйесінің ADR-і жыл басындағыдай емес, одан 7%-ға арзан.

Контекст

Қытайлық акциялар бағасының төмендігі мен Бейжіңнің қолдауы бірнеше жергілікті қор индексінің қарқынды өсу кезеңіне өтуіне мүмкіндік берді деп атап өтті Bloomberg. Сондықтан жаһандық инвесторлар Қытай нарығына абайлап қана оралуда. Инвесторлар нарықты одан әрі қалпына келтірудің негізгі тетігі – табыстың тұрақты өсуі деп біледі. JD.com өткен жылдың соңғы тоқсанында тапқан пайдасы болжанған мөлшерден асып түсті. Alibaba болса, керісінше, қаңтар–наурыз айларында болжанған мөлшерден аздау пайда тапқанын хабарлады.

Соңғы жылдары Бьюрри қытайлық технологиялық компанияларға келгенде белсенді-ақ. 2022 жылдың соңында Қытай пандемиядан шыққан кезде, ол Нью-Йорк биржасына түскен Alibaba мен JD.com акцияларын сатып алды. Өткен жылдың екінші тоқсанында Бьюрри өз позицияларын жауып тастап, бірнеше айдан кейін қайтадан ашты.