Алдағы 3 жылда ғарыш саласын дамытуға 2,8 млрд теңге жұмсалуы мүмкін
2025-2027 жылдар аралығында ғарыштық зымыран кешенін құру үшін технологияларды әзірлеуге 2,8 млрд теңге жұмсалуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің сенаторлардың депутаттық сауалына берген жауабында жазылған.
Үкімет қазір ғарыш саласын қаржыландырудың жаңа тәсілі ретінде инвестициялық қор ашу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Ақпаратқа сүйенсек, 2023-2024 жылдарға ғылыми бағдарламаны іске асыруға 908,8 млн теңге бөлінген. Ал 2025-2027 жылдары тағы 2,8 млрд теңге бөлу туралы бюджетке өтініш жіберілген.
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» ғарыштық зымыран кешенін құру үшін технологияларды әзірлеу бойынша зерттеулерді жалғастыруда. Сербия, Қытай және Үндістан мамандарын тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, технологиялар трансферті және қазақстандық мамандар үшін тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелері талқылануда», – делінген Бектеновтің жауабында.
Бұдан бөлек, ғарыштық жүйе аппараттары құрастыру-сынау кешенін ұстау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру үшін кешенді «Қазақстан ғарыш сапарынан балансынан мемлекет балансына қабылдау жөнінде шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар 2024 жылы «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутнигін жоспарлы ауыстыру бойынша жобалау алдындағы жұмыстар басталған. Қазіргі уақытта Түркия, Италия, АҚШ елдері өндірушілерімен заманауи технологиялық шешімдерге талдау жүргізілуде.
Еске сала кетсек, ақпанда «Байқоңыр» айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгеріс енгізілген болатын. Оған сәйкес 2027 жылға дейін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен «Союз-5» тасымалдағыш зымыранын кемінде 3 рет сынақтан өткізу жүзеге асырылады. Сондай-ақ хаттамада бірлескен кәсіпорынды «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенін жалға алған және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін пайдалануға қабылдаған күннен бастап 15 жыл өткенге дейін корпоративтік табыс салығын төлеуден босату мәселесі қарастырылған.
Сонымен бірге өткен жылдың күзінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов «Байқоңырды» жалға алу ақысы көтерілмейтінін хабарлады.