Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы әкімі қызметінен босатылды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев лауазымды қызметінен босатылды. Ол өңірді 2021 жылдан бері басқарып келген.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды», – деп жазды Ақорда.
Ноғаев еңбек жолын Ақтөбе облысы Октябрьск қаласының Қандыағаш станциясында электромонтер болып бастаған. 2006 жылдан бастап маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарып келеді. Ол «ҚазМұнайГаз «Ұлттық компаниясының» атқарушы директоры, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болған.
2012 жылдың 20 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 2016 жылы Атырау облысының әкімі, 2019 жылы Энергетика министрі болды.
2021 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Президент жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.
Негізінен Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласының тумасы. Тау-кен инжинері және іскерлік әкімшілік мамандықтарын тәмамдаған.
2023 жылы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір басшылары рейтингінде көшбасшы болған. Айта кету керек, Маңғыстау облысы – негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша көшбасшылардың бірі. Биыл өңірдегі инвестициялардың жалпы көлемі 12,2% – ға өсіп, 9,6 трлн теңге деңгейіне жетті. Тау-кен, жылжымайтын мүлік, көлік және қойма, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларға ең үлкен үлес қосылды.