Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов наразылық білдірген Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесіп, зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.
Атырау облысы жедел штабының ақпаратына сүйенсек, Шапкенов тұрғындардың апатты тұрғын үйлерге өтемақы төлеу туралы ұсыныстарын тыңдап, зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібін түсіндіріп шықты. Оның сөзінше, Құлсары қаласы бойынша зардап шеккендердің арнайы нысаналы шоттарына нарықтық бағамен шамамен 200-240 мың теңге көлемінде қаржы түседі.
Атырау облысы әкімінің айтуынша, су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары ақшалай өтемақыларды нысаналы мақсаты бойынша – жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсай алады.
«Қазір бірінші кезекте су тасқынынан зардап шеккендер бағалау қорытындысымен және мүлікті техникалық сараптау қорытындыларымен танысып, ақшалай қаражатты төлеуге өз келісімін беруге тиіс. Төлем екі апта ішінде жүргізіледі», – деді Шәпкенов.
Ақпарат сүйенсек, 16 мамыр күні Жылыой ауданында 3613 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы – 1 млрд 387 млн теңге.
Қазір келтірілген материалдық залал үшін өтемақы төлеуге құжаттар дайындалып, жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізілуде. Барлығы 2 950 өтініш қабылданып, 2 697 өтініш қарауға жіберілді, 2 624 үйге бағалау және 2 671 үйге техникалық тексеру жүргізілген. 756 апатты үй анықталған.
Құлсарылықтар су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шықты. Әкімдік зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлейміз десе, тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленгенін қалайды.
Бұған дейін Атырау облысындағы ТЖ бойынша жедел штаб Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 2700 үй тексеріліп, 100-ден астам отбасы жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижесін алғанын хабарлаған.
Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі ірі бизнестің көмегімен шешілуі мүмкін екенін айтқан. Сол кезде заңда қарастырылған ең төменгі өтемақы мен Құлсары тұрғындары сұрап отырған сома айырмасын қысқартуға болады.