Машкевичке тиесілі компанияның еншілес кәсіпорыны Ақтөбе облысы маңында қатты пайдалы қазбаларды өндіреді
«ERG» компаниялар тобы құрылымына кіретін «ERG» Exploration» ЖШС Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында 8,9 мың гектар жердегі қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлаумен айналысу құқығына ие болады. Тиісті құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.
«Лицензия «Жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Кодексіне сәйкес қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатында берілген. Құжат жер учаскесін пайдалануға мүмкіндік береді», – деп жазылған жария талқыға шығарылған құжатта.
Жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің мөлшері: 100%. Лицензияның мерзімі берілген күнінен бастап 6 жылды құрайды. Компания қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға жыл сайынғы ең төмен шығындарды өтеп отырады.
Мәселен:
- бірінші жылдан үшінші жылға дейінгі барлау мерзімін қоса алғанда әр жыл сайын 6740 АЕК;
- төртінші жылдан алтыншы жылға дейінгі барлау мерзімін қоса алғанда әр жыл сайын 10160 АЕК қарастырылған.
Құжатты қоғамдық талқылау 30 мамырға дейін жалғасады. Қаулы аудан әкімдігінің сайтында жарияланады. Қаулының орындалуын бақылау Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасарына жүктелген.
Құжатта компанияға 6 мамырда қатты пайдалы қазбаларды барлауға №2633-ЭЛ лицензиясы берілгені атап өтілген.
Бұған дейін ERG тобына кіретін «ERG Exploration» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қарағанды облысындағы пайдалы қазбаларға барлау жүргізетіні хабарлаған. Серіктестіктің кеніш барлау мақсаты үшін жалпы көлемі 2813,7667 гектар жер берілетіні жайлы қаулы жобасы жарияланды. Үкімет ERG-қа тиесілі тағы бір компанияға салық заңнамасында тұрақтылыққа кепілдік берді.