Былтыр апат орын алған МАЭК 1,4 млрд теңгеге заңсыз келісімшарт жасаған
Мемлекеттік сатып алу бағытында жүргізген талдау нәтижесінде Маңғыстау облысындағы «МАЭК» ЖШС қызметінде 1,4 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Кәсіпорын технологиялық бұзушылық актісі негізінде «RTEX» ЖШС-мен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей негізсіз жасасқан.
Прокуратура аталған акт бекітілген Қағиданың талаптарын бұза отырып жасақталғанын хабарлады.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде сот технологиялық бұзушылық актісі және мемлекеттік сатып алу туралы шарт жарамсыз деп танылған.
Осылайша, 1,4 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылып, бірқатар басшы өз қызметтерінен босатылған.
Еске сала кетсек, былтыр МАЭК-тегі апат Қазақстандағы мұнай өндірісінің 252 600 тоннадан 218 900 тоннаға дейін төмендеуіне алып келді. Бір күнде мұнай көлемі 13 пайыз қысқарған.
Маңғыстаудағы атом-энергетикалық комбинатында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылы 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 миллиард теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 миллиард теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінді.