Батыс Қазақстан облысындағы майнерлер үшін газ бағасы 75%-ға жуық қымбаттайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ең жоғары баға алматылық майнерлер үшін белгіленген / Архив: kursiv.media

Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында 1 шілдеден бастап майнерлер үшін сондай-ақ өндірілген электр энергиясын цифрлық майнингке бағыттайтын электр стансаларына газдың көтерме бағасы 50-ден 75%-ға дейін қымбаттайды. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Энергетика министрінің бұйрық жобасында жазылған.

Өзгеріс «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының
Заңы 6-бабының 7) тармақшасына және 20-бабының 2-3-тармағына сәйкес енгізілмек.

«Ірі коммерциялық тұтынушыларға, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға немесе цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін электр энергиясын өндіру жөніндегі тұлғаларға кейіннен өткізуге арналған Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің 2024 жылғы 1 шілдеден 2025 жылғы 30 маусымды қоса алған кезеңге арналған шекті бағаларын бекітілсін», – деп жазылған майнерлерге тауарлық газдың шекті көтерме бағалары бекітілген құжатта.

Шекті баға әр өңірде әртүрлі. Мәселен, қосымша құн салығынсыз 1 мың текше метрдің жаңа шекті бағасы Астана қаласының тұтынушылары үшін 52 033 теңгені құрайды. Бұған дейін 2023 жылдың 1 шілдесінен 2024 жылдың 30 маусымына дейін шекті тариф 43 361 теңге болған.

Ал ең жоғары баға Алматы қаласы мен Алматы облысындағы цифрлық активтер өндірушілер үшін – 63 905 теңге көлемінде бекітілген. Бұл ретте қазіргі тариф – 53 254 теңге. Сондай-ақ Жетісу облысында да тариф жоғары болмақ – 63 905 теңге (қазір 53 254 теңге).

Ең қолайлы көтерме газ бағасы Атырау облысында – 1 мың текше метрі үшін 23 996 теңге (1 шілдеге дейін ҚҚС-сыз 13 712 теңге тариф белгіленген), Ақтөбе облысында – 34 333 теңге (19 619 теңге), Маңғыстау облысы – 32 942 теңге (21 961 теңге), Батыс Қазақстан облысы – 31 637 теңге (18 078 теңге) болған. Шығыс Қазақстан облысы – 1 мың текше метр газға 10 891 теңге (қазір – 9 076 теңге) көш бастап тұр.

Айта кететіні, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында баға тиімді болғанымен, газ тарифі бірден 75%, Маңғыстау облысында 50%-ға қымбаттады.

Еске сала кетсек, Қазақстан бюджетіне майнинг саласынан 9 млрд теңгеге жуық кіріс түскен. Майнингтен түсетін салыққа электр энергиясы, қосылған құн салығы (ҚҚС) және деректер орталықтары мен майнерлерден түсетін корпоративтік табыс салығы кіреді.

Былтыр жаздан бері цифрлық майнерлер мен цифрлық майнинг пулдарының кірісіне салық салынып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз