Жаңалықтар

«Лотте Рахат» 100 млрд теңгеге жуық табыс тапты

«Лотте Рахат» 2023 жылғы табысы 94,3 млрд теңгеге жетті / Фото: rakhat.kz; бильд-редактор: Артур Алескеров

«Лотте Рахат» компаниясы Қазақстан қор биржасына 2023 жылғы қаржылық есебін ұсынды. Құжатта танымал өндірушінің табысы мен шығыны, экспорттық бағытта тізімі жазылған.  

Бұл ретте қазақстандық кәсіпорын алғаш рет Ауғанстанға 23,7 млн теңгеге тәттілер сатқан.

Өндірушінің 2023 жылғы табысы 83,5 млрд теңгеден 94,3 млрд теңгеге дейін өсті.

Компания өз өнімдерін 10-нан аса елге сатқан. Оның ішінде:

Қазақстанда – 76,9 млрд теңге сомасында (2022 жылы – 66,1 млрд теңге);

Ресейде – 11,1 млрд теңге (2022 жылы – 10,8 млрд теңге);

Қырғызстанда – 3,09 млрд теңге (2022 жылы – 3,02 млрд теңге);

Өзбекстанда – 2,074 млрд теңге (2022 жылы – 2,086 млрд теңге);

Моңғолияда – 368 млн теңге (2022 жылы – 303 млн теңге);

Тәжікстанда – 305 млн теңге (2022 ж. – 421 млн теңге);

Германияда – 305 млн теңге (2022 жылы – 213 млн теңге);

Әзербайжанда – 34 млн теңге (2022 жылы – 358 млн теңге);

Ауғанстанда – 23,7 млн ​​теңге (2022 жылы сатқан жоқ).

Фабриканың Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжанға экспортынан табысы төмендеді. Тіпті Әзербайжандағы табысы 90%-ға қысқарды. Басқа елдерде көрсеткіш өсті. Компания жалпы табысының жартысын (47,6 млрд теңге) шоколад сатудан тапқан.

Шығындарды ескере отырып, «Лотте Рахаттың» 2023 жылғы таза пайдасы 2022 жылғы 8,3 млрд теңгемен салыстырғанда 8,7 млрд теңгені құрады.

Компаниясының 10 еншілес кәсіпорны бар: Шымкенттегі зауыт, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын жеті компания және бір көлік компаниясы. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша оның акционерлері: оңтүстік кореялық Lotte Wellfood (95,57%) және басқа қазақстандық акционерлер (4,43%).

Еске сала кетсек, 2013 жылы корейлік Lotte «Рахат» акцияларының басым бөлігін сатып алды. 2019 жылы ол өз үлесін 95,5%-ға дейін арттырды. Бұған дейін компания акционерлеріне 2023 жылға бір жай акцияға 725 теңге көлемінде дивиденд төлейтінін мәлімдеген болатын.