Қазақстан мен Қытай арасында құқықтық көмек көрсету бойынша хаттама ратификацияланды: бұл құжат Ақжарқын Тұрлыбайдың елге экстрадициялануына көмектесе ме?

Жарияланды
Қазақстан мен Қытай
Хаттама негізінде Қазақстан мен Қытай азаматтарына, заңды тұлғаларына құқықтық көмек көрсетіледі / Фото: kursiv.media

Сенат Қазақстан мен Қытай арасында азаматтық, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

«Хаттаманы ратификациялау екі ел арасындағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласы үшін қолайлы жағдайды арттырып, ынтымақтастықты одан әрі күшейте түседі. Тәуелсіздік алған жылдан бері екі ел арасында әртүрлі салаларда 250-ден астам халықаралық шарттар жасалды. Бүгінгі қаралып отырған Хаттама серіктестіктің нығаюына ықпал етеді деп сенеміз», деді сенатор Наурызбай Байқадамов.  

Депутат заң қабылданған жағдайда екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларына құқықтық көмек көрсету және заңды мүдделерін қорғау мәселелерін шешу оңтайландырылып, қарау мерзімдері де біршама қысқаратынын айтты.

Хаттама негізінде сот органдарының Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтінішхаттарын орындау саласында құқықтық көмек көрсету жөніндегі функциялары нақтыланады.

Сонымен бірге бұл құжат екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға көмектеспек.

Осы орайда журналистер Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселековадан Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайы жөнінде сұрады.

«Бұл хаттама Қытай түрмесіне түскен қазақстандықтардың экстрадициялануы мәселесіне қалай әсер етеді? Мәселен, Ақжарқын Тұрлыбайдың қалған жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігі бар ма?», деп сұрады журналист.

Министрлік өкілі екі ел арасындағы экстрадиция мәселесі Бас прокуратура құзыретіне кіретінін айтты. Десе де, аталған құжат негізінде екі ел өзара бірлесіп әрекет етуіне мүмкіндік беретінін, соның аясында прокуратура арқылы мұндай мүмкіндіктерді пайдалануға болатынын жеткізді.

«Нақты бір кейстерге қатысты прокуратураға сауал жолдау керек. Өйткені бұл мәселе осы құзыретті органның жауапкершілігінде. Біздің заңнамаға сәйкес, егер заң бұзушылық қандай да бір елдің шекарасында жасалған болса, сәйкесінше іс сол елдің заңнамасына сай жүргізіледі. Ал мақұлданған хаттама екі елдің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты арттыруға жол ашады. Яғни бұл құжат осындай жекелеген кейстер мәселесін екі тараптың өзара келісе отрып шешуіне мүмкіндік береді», деді Жақселекова.

Сондай-ақ оқыңыз