Шикізаттық емес тауарлар экспорты бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді – Мәулен Әшімбаев
Қазақстанның шикізаттық емес өнім экспорттаудағы көрсеткіштері 5,7%-ға төмендеген. Бұл жайлы Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев айтты.
Сенатта «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талқыланды.
Қаралып отырған заң негізінде жаңа өндірістер құру, өндірістік қуаттарды ұлғайту, өндірісті жаңғырту көделген. Сонымен бірге өзара сауда мен инвестициялар көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және үшінші елдерге өнім экспортын ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіптің әлеуетті бағыттарына талдау жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірлескен кооперация үшін мынадай перспективалы бағыттарды айқындаған:
- химия;
- металлургия;
- машина жасау өнеркәсібі.
Бұл бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыруға шамамен 1,6 млрд доллар қаражат қажет. Мұндай кооперациялық жобалардың қалай қаржыландырылатынын депутат Сүйіндік Алдашев түсіндіріп берді. Айтуынша, ЕАЭО комиссиясы Кеңесі Одақ бюджетінің қаражаты есебінен қаржылық жәрдем көрсету туралы шешім қабылдай алады.
«Жобалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттеріне арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан Одақ бюджеті бекітілген жылдың алдындағы қаржы жылында түсетін жалпы түсімдердің 10%-ы есебінен қаржыландырылады», – дейді сенатор.
Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕАЭО аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану қажеттігін айтты. Себебі елдегі өнеркәсіп саласының көрсеткіштері соңғы жылдары біршама төмендеп кеткен.
«Бұл саладағы ортақ жобаларды жүзеге асыру біз үшін маңызды бағатттардың бірі саналады. Бұл мәселеде министрліктің осыған қатысты бастамасын қолдаймыз. Дегенмен жекелеген көрсеткіштер бойынша елдегі өнеркәсіп саласының жағдайы үлкен қолдауды талап ететінін көріп отырмыз», – деді.
Ол шикізаттық емес тауарлардың экспортының көрсеткіштері соңғы жылдары төмендеп бара жатқанын айтты. Мәселен, 2023 жылы шикізаттық емес өнімдердің экспорты 5,7%-ға төмендеген.
«Шамамен 6%-ға қысқарып отыр. Бұл – айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Қазақстан шикізаттық емес тауарлардың экспортын қысқартқан. Бұл біздің стратегиялық ұстанымдарымызға мүлдем сәйкес келмейді. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіштер құлдырауын жалғастырып, шикізаттық емес өнімдер экспорты 7,2%-ға төмендеген. Біз ЕАЭО мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануымыз керек. Осы орайда министрлік белсенді жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Ал әзірге біз көріп отырған экспорттық көрсеткіштер көңіл көншітпейді», – деді Сенат төрағасы.
Айта кетсек, 29 сәуірде министр Шарлапаев дамудың шикізаттық моделінен бас тарту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Ол ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, дамудың шикізаттық моделінен бас тарту мүмкіндігі бар деп санайды. Бұл мақсатқа министрлік инвестицияларды тарту, жобаларды және жүйелі шараларды іске асыру есебінен қол жеткізуді көздеп отыр.