Смайылов Алматы қаласының тексеру комиссиясының жұмысынан олқылықтар анықтады
Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметінен бірқатар олқылықты анықтаған. Бұл жайлы Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында айтылған.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жоғары аудиторлық палата Алматы қалалық бюджетінен қомақты қаражат Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының жекелеген мемлекеттік қызметкерлеріне сыйақыға жұмсалған.
«Тексеру комиссиясына қатысты Жоғары аудиторлық палатаның аудиторлық іс-шарасы 2022 жылғы 1 қаңтар – 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңді қамтыды. Алматы қаласында қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту бойынша құзыреті шегінде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Тексеру комиссиясы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, бюджет және еңбек заңнамасын жеткілікті дәрежеде сақтамағаны анықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге нақты орындалмаған қызметтерге бюджет қаражатын бөлу жағдайлары анықталды. Мысалы, 2022-2023 жылдары аудиторлық ұйымдарды тартудың нақты қажеттілігінің болмауына байланысты 150,4 млн теңге көлеміндегі қаражат басқа бағыттарға, оның ішінде негізгі бөлігі сыйақы төлеуге жұмсалғаны белгілі болған. Бұл орайда комиссия сыйлықақылар мен бонустарды төлеу мәселелерінде заңнама талаптарын толық сақтамаған. Осылайша бюджет қаражатын пайдаланудағы әділеттілік пен ашықтық қағидаттары бұзылған.
Нақтырақ айтқанда, 2023 жылғы желтоқсанда Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлеріне «лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйақы төленген. Жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға сыйақы беріліп келген. Салдарынан іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үй жалдауға қажетті сома төленбеген. Сонымен бірге сыйақыға лайық адамдарға үстемақы берілмеген.
Бұдан басқа, 2022-2023 жылдары жұмыс нәтижелерін бағалау жүргізілмегені, жоғары еңбек тиімділігі расталмаған инспекторларға сыйақылар төленгені белгілі болды. Оларға 2022 жылы – 4,5 млн теңге, 2023 жылы – 17,2 млн теңгеден төленген.
«Сонымен қатар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын, Сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларын және ішкі регламенттеуші құжаттарды бұзу және сақтамау фактілері анықталды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудиторлық дәлелдемелер тиісті түрде ресімделмеген. Сонымен бірге Тексеру комиссиясы тексеру қорытындылары бойынша берілген нұсқамаларды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін лауазымды адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту жөнінде тиісті дәрежеде шаралар қабылдамаған.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата анықталған бұзушылықтарды жою және Тексеру комиссиясы жұмысының тиімділігін арттыру үшін қатаң бақылау шараларын енгізу, бюджет қаражатын жоспарлау және жұмсау процестерін қайта қарауды ұсынған. Сондай-ақ бюджет тәртібін бұзғаны үшін заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыра отырып, оның ішінде материалдарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдай отырып жауапкершілікті күшейту қажеттігін ескерткен.
«ЖАП отырысының қорытындысы бойынша Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті лауазымды адамдардың жауапкершілігі қаралатын болады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (НЗМ) мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудиттік тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады. Онда осы жылы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарының 2022-2023 жылдарға арналған бюджеттеріне аудит жүргізілетіні, және Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметіне де баға берілетіні айтылған болатын.