«Шаршы метріне 400 мың теңгеден төленсін»: Құлсары тұрғындары су басқан үйлеріне берілетін өтемақы көлемімен келіспейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Құлсары
Құлсарылықтар өтемақы көлемімен келіспеді. Фото: kursiv.media

Құлсары қаласының тұрғындары су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шықты. Әкімдік зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлейміз десе, тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленгенін қалайды.

Құлсары тұрғындарының талабы қандай?

Құлсарылықтар апатты деп танылған үйдің шаршы метріне 200-240 мың теңге төленуіне келіспейді. Олар бұл қаржының қалай саналғанын түсінбейтіндерін жеткізді. Атырау облысы аумағында мұндай баға жоқ екенін айтады. Сондықтан әр шаршы метрге 400 мың теңге өтемақы төленгенін қалайды.

«Атырау облысында мұндай баға жоқ. Қызылорда облысы суға кеткенде 280 мың теңгеден есептеген. 2008 жылы. Қазір 2024 жыл, 400 мыңнан берілмейді деген не сөз? Біз үйімізді өзіміз суға кетіріп тұрған жоқпыз. Үйдің құнын толық төлеп, үстінен моральдық шығын беруі керек», – дейді тұрғындар.

Әкімдік ұсынысы қандай?

Бұған дейін Атырау облысындағы ТЖ бойынша жедел штаб Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 2700 үй тексеріліп, 100-ден астам отбасы жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижесін алғанын хабарлаған.

«Екі күн өткеннен кейін Құлсары тұрғындары бағалау комиссиясының шешімімен келісе отырып, мемлекеттен көмек алу үшін Жылыой ауданының әкімдігіне жүгіне алады», – делінген хабарламада.

Жедел штаб ақпаратында «тұрғындардың көпшілігі бағалау комиссиясының шешімімен және ұсынылған өтемақымен келіскені» жазылған.

Келген шығын көлемі белгілі болған соң, Жылыой ауданының әкімдігі екі бағытта қаражат төлемек.

Бірінші жолы – егер үйлер жөндеуге жарамды болса, тұрғын үйлерді жөндеуге қаражат, сондай-ақ, зардап шеккен мүлік үшін өтемақы төленеді. Үйлер апатты деп танылған жағдайда мемлекет есебінен жаңа үй салынады.

Екінші жолы – Құлсары қаласында немесе Атырау облысының аумағындағы кез келген елдімекенде тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ зардап шеккен мүлік үшін өтемақы төленбек.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жанғазиев әкімдік бірден 400 мың теңге бере алмайтынын айтады.

«Бұл жұмыстың бәрі бағалау нәтижесінде жүргізіледі. Техникалық қызметкерлер келіп үйдің жай-күйін бағалайды, бәрін есептейді. Осы бағалау нәтижесін негізге ала отырып төлемақы төленеді. Ал үйі қатты зардап шегіп, апатты деп танылғандардың үйін әкімдік нарықтық бағада сатып алуға дайын. Бірақ ақша аударылмайды. Тұрғындар облыс аумағынан үй таңдап, Жылой ауданының әкімдігі оны сатып алады», – дейді әкімдік өкілі.

Қанша үй су астында қалды?

Атырау облысындағы Құлсары қаласына тасқын суы 5 сәуірде кірді. Су ағысының қатты болуы салдарынан қаланың басым бөлігі су астында қалған. Жалпы Жылыой ауданында 2 920 үйді су басқан. Қазіргі кезде соның 2 906-сы судан құрғатылған.

Жедел штаб 2 667 тұрғын үй-жай техникалық тексеруден өтіп, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілгенін хабарлады. Зардап шеккен тұрғындардан барлығы 3000-ға жуық өтінім келіп түскен, бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз