Сот Гүлмира Сатыбалдыны Астанадан Алматыға жеткізуді талап етті: Процесс ашық режимде өтеді

Жарияланды
Гүлмира Сатыбалды соты ашық режимде өтеді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Астанадағы тергеу изоляторында отырған Гүлмира Сатыбалды Алматыға жеткізілетін болды. Сот ашық әрі оффлайн режимде өтеді. Бұл туралы алдын ала сот отырысында Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Мартпек Кәкімжанов айтты.

«Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында негізгі сот талқылауы ашық сот отырысы форматында өтсін. Бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады. Сотталушы Гүлмира Сатыбалды Қауасқызы Астана қаласының мекемесінен Алматы қаласының №78 мекемесіне жеткізілсін», – деді судья Кәкімжанов.

Бүгін, 16 мамырда, Алматыда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні болған Гүлмира Сатыбалдыға және оның көлік жүргізушісі Мәди Батыршаевқа қатысты алдын ала сот отырысы одан әрі жалғасты.

Кеше 15 мамырда өткен алдын ала сот отырысында  Гүлмира Сатыбалдының қорғаушысы  Әсемгүл Даниалова сот отырысын онлайн әрі сот процесін жабық режимде өткізуге өтініш білдірді. Ал Сатыбалдының өзі алқабилердің қатысуынан бас тартқан. Сондай-ақ іске журналистерді қатыстырмауды, процесс біткенге дейін Сатыбалдының бейнежазбасын, фотосын таратуға тыйым салуды сұраған. Алайда жәбірленуші тарап сотталушы Гүлмира Сатыбалдыны Астанадан Алматыға ауыстыруды және сот процессін БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық әрі оффлайн режимінде өткізуді сұраған.

«Осы кезге дейін адвокаттар келтірген дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан жиналған дәйектердің анық-қанығын анықтау жұмысына соттың өзі араласатын болды. Ал отырысқа журналистерді қатыстырмау туралы шағым негізсіз, себебі, бұл отырыста жәбірленуші тарап болсын, айыпталушы тараптағылардың жеке бастарына қауіп төндіретіндей негіз жоқ», – деді сот Мартпек Кәкімжанов.

Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша күдікке ілінген.

Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) бойынша күдікке ілінген.

Басты сот отырысы 30 мамырда сағат 10:00-де Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық режимде өтеді. Сот отырысы аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері өтеді.

Гүлмира Сатыбалды — Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін ол 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Байқоңыр ауданының соты Гүлмира СатыбалдыныҚылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ оқыңыз