Германияның Қазақстанға бағыттаған инвестиция көлемі 2023 жылы 712 млн евроға жеткен. Неміс компаниялары елдегі бизнес ауқымын кеңейткісі келеді. Бұл жөнінде Қазақстанға Германия экономикасы шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер бастаған делегациясы келгенде мәлім болды.
Катрина Клаас-Мюльхойзер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты экономикалық қатынасты нығайту жайын талқылады. Президент Еуропа одағындағы стретагиялық серіктесінің тікелей инвестициясы 64 пайызға ұлғайып, 770 млн долларға жеткенін хабарлады.
Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында бірлесе жұмыс істеуге пейілді екенін айтты. Бұған дейін Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөнінде ұсыныс айтқанын еске салды. Бұл орталық еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша толық пайдалануға, инновациялық технологияларды енгізуге және оларды коммерцияландыруға ықпал етеді.
Катрина Клаас-Мюльхойзер Астанада өткен Берлин Еуразиялық клубының мерейтойлық 40-отырысына қатысты. Екі тарап Жаңа институционалдық және құқықтық шеңберлерде шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы келісімді іске асыру жайын талқылады. Бизнес өкілдері ауыл шаруашылығы саласындағы азық-түлік қауіпсіздігі туралы да сөз қозғады.
Қазақстан мен Германия экономикаларының байланысы көп қырлы. «Шикізатты технологияға айырбастау» формуласы бойынша өзара тиімді ынтымақтастық әр тарап үшін «Win-Win» нәтижелерін қамтамасыз етеді. Іскерлік кездесудегі негізгі тұжырым осындай.
Германия экономикасының шығыс комитетіне Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның 29 елі мүше. ГЭШК-тың құрамында 400-ден аса компания бар. Осы комитетке неміс экономикасының жетекші алты одағы қолдау білдіріп отыр.
2024 жылдың қаңтар-сәуір аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 420 мың тонна қазақстандық мұнай тасымалдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 330 мың тоннаға артық.
Бұған дейін германиялық Flight Design компаниясы Қазақстанда CT сериялы аса жеңіл ұшақтар шығаруды жоспарлап отырғандарын хабарлады. Ұшақтар жергілікті және шетелдік нарықтарда сату жоспарланған.