Қазақстан-Латвия экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-отырысы өтті. Оған екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.
Жиында өзара сауданы кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды, оның ішінде көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, цифровизация, білім беру және туризм салаларындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен Латвия арасындағы екіжақты тауар айналымы жоғары өсімді көрсетті. Оның көлемі 2023 жылы 356,4 млн долларға жетті (63%-ға өсті). 2023 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға ұлғайып – 98,5 млн долларды құрады.
Санкциялық саясаттың Қазақстан экономикасына әсері және осы мәселе бойынша шетелдік серіктестермен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларымен және шетелдік инвесторлар үшін жасалған преференциялармен таныстырды. Латвиялық компанияларды қазақстандық нарықтағы инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды.Тараптар екіжақты іскерлік кооперацияны ілгерілету жолындағы Үкіметаралық комиссияның маңызды рөлін және шарттық-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу соңында комиссия отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылды», – делінген ҚР СІМ сайтында.
Елде 145-ке жуық латвиялық кәсіпорын тіркелген, ал Латвияда 100-ге жуық қазақстандық компания жұмыс істейді. Кәсіпорындар логистика, сауда және қаржылық кеңес беру сияқты салаларда жұмыс істейді. 2005-2023 жылдар аралығында Латвиядан Қазақстанға 276,4 миллион доллар көлемінде тікелей инвестицияның жалпы ағыны тартылды.
Германия да Қазақстанмен байланысты нығайта түспек. Неміс елінің Қазақстанға бағыттаған инвестиция көлемі 2023 жылы 712 млн евроға жеткен.