Жаңалықтар

Тайм-менеджмент: уақыт пен жұмысты реттеуге көмектесетін сервистер

Уақыт пен жұмысты реттеуге көмектесетін сервистер қандай?/shutterstock

Ақпарат ағыны тым көп болған сайын, маңызды шаруаларға фокус қою қиындайды. Кей жағдайда тапсырмалар естен шығып кетіп, соның кесірінен басшылықтан сөгіс алып не болатын кездесуді ұмытып кетіп жатамыз. Мұндай болмас үшін адам тайм-менеджментті дұрыс реттеуді үйренуі керек. Әлбетте, оңай емес. Сондықтан қосымша сервистер қолданып, реттеген артық болмайды. Әрі қазір бизнесте команда болып ортақ қолданбаларда отыратын тәжірибе жиі кездеседі. Kursiv Media тілшісі сондай пайдалы қолданбаларға шолу дайындады.

Notion

Барлық шаруаңыз бен ақпараты бір жерге жинап қоятын қолайлы сервис. Қазір өте танымал қолданбалардың бірі саналады. Мұнда todo-тізімдер жасап, уақытын жоспарлауға болады. Өзіңіздің деректер базаңызды жасап, жобалар жүргізіп, тапсырмалар ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Notion-да ақпаратты безендіріп, ұйымдастыруға арналған функция жетерлік. Бір жағы жақсы, бір жағы жаман. Себебі кейбіріне бұл ұнамауы мүмкін. Егер сервистің барлық мүмкіндігін қолдану үшін үйреніп, қарап шығуға қарсы болмасаңыз, онда Evernote пен Google Docs-тардың орнын баса алады.

Шаблондарды өзіңіз жасап, басқаларға жібере аласыз. Одан қала берді Slack, Google Drive, Figma, Invision, Latex, Twitter және т.б танымал сервистермен бірлесіп жұмыс істеуге болады. Уеб нұсқасы, дербес компьютерге және Android, iOS-қа арналған нұсқалары бар. Базалық нұсқасы тегін. Бірақ мұнда шектеу көп. Ал премимумде шектеу жоқ, мүмкіндік молырақ. Plus нұсқасы айына бір қолданушыға — 8 доллар, Business нұсқада бір адамға 15 доллардан.   

Trello

Жобалармен жұмыс істейтін, командасы шағын ұжымға өте қолайлы. Сонымен бірге жеке мақсатта да қолдануға болады. Мұнда карточкалар қосып, виртуал тақта жасай аласыз. Сөйтіп ол жерге қатысушылар, белгілер, чек-листер, орындалатын мерзім қойып, файлдар қосуға мүмкіндік бар. Қосымша құралдарды (Dropbox, Slack, Evernote, Twitter және т.б.) интеграциялауға болады. Олар санаттарға бөлінеді. Сондықтан шатаспайсыз. Танымал браузерлерге, iOs, Android-қа арналған нұсқалары бар. Тегін нұсқасымен қатар, Стандарт (бір қолданушыға — 5 доллар) және Премиум нұсқаларын (бір қолданушыға — 10 доллар) алсаңыз болады.

TickTick

Жасауыңыз керек шаруаларды реттеуге көмектесетін сервис. TickTick идеяларды түртіп алуға, күндік не ұзақ мерзімдік жоспар жасауға, уақытты дұрыс басқаруға таптырмайды. Оны әркім жеке мақсатта қолданса да, командалық жұмыс үшін қолданса да болады. Браузерде, мобайл қолданба түрінде, дескстоп нұсқада бар. Интерфейсі өте түсінікті. Бір шаруаны қосып қою үшін бар болғаны қолданбаны ашып, тізім жасайсыз. Сөйтіп сол шыққан жердегі «Тапсырма қосу» батырмасын басып, атауын не сипаттамасын жазасыз. Одан кейін әлгі тапсырма тізімге қосылады да, сол жағында чек-бокс пайда болады.

Қолданушылар қалауына қарай анықтама беріп, басымдық қосып, басқа күнге жылжытып не қосымша пікір қалдыра алады. Өзіңізге керек тапсырманы іздеу жолағына тег не фильтр қою арқылы таба аласыз. Бірлескен жұмыс ісеген кезде юзерлер бірігіп тапсырмалар тізімін жасайды не біреуі бөліседі. Сосын оған орындаушы бекітіледі. Командадағылар болса, тапсырма барысын бақылап, дедлайн қойып, пікір қалдыра алады. Шаруа толық біткен соң статистика қарап, қанша уақыт алғанын есептеуге мүмкіндік бар. Тегін нұсқамен қатар, айына 2,4 доллар тұратын жазылым да бар.  

Be Focused Pro

Қазір шаруа көп болғасын, өнімді жұмыс істеу үшін қосымша құралдар қолдануға тура келеді. Әрине, жады мықты адамдарға әлдебір қолданбаның керегі болмауы мүмкін. Десе де, басым көпшілігі ыңғайлы сервис пайдаланғанды құп көреді. Өйткені жұмыстан алаңдататын фактро көп. Сондықтан елеңдемей, алаңсыз жұмыс істеу үшін аппликейшн іздеп кетеміз. Сондай қолайлы қолданбаның бірі — Be Focused Pro.

Уақытыңызды тиімді жұмсап, әр жұмыс сессиясын барынша жемісті өткізуге көмектеседі. Көпшілікке белгілі «Помодоро» техникасына негізделіп жасалған. Өте қарапайым, бірақ сондай пайдалы. Яғни атқаруыңыз керек істерді бірнеше интервалға бөледі. Оны «фокус сеанстары» деп атайды. Олардың әрқайсысында қысқаша үзіліс қарастырылған. Істерді осындай дискрет бөліктерге бөлу арқылы софт сіздің ынта жоғалтпай жұмыс істеуіңізге қол ұшын береді. Әрі бір іске беріліп істегенде ол жемістірек болады. Басқа нәрселерге алаңдамай, фокусты бір іске ғана қоясыз.

Артықшылықтарының ішінде бірнеше құрылғымен синхрондалатынын айта кету керек. Мысалы iPhone-дағы дүние  iPad не Mac-та лезде пайда болып отырады. Бұл бірнеше құрылғыны қатар пайдаланатындар үшін керемет функция. Өйткені қолыңызда телефон бар кезде, үйде бастаған шаруаны кеңсеге барып Mac-ты қосып жалғастыра бересіз деген сөз. Интерфейсі өте қарапайым, түсінікті. Бұрын-соңды мұндай сервисті пайдаланып көрмеген қолданушының өзі тез-ақ меңгеріп кетеді. Себебі дизайн интуитив түсінікті жасалған. Қалауыңызға қарай біраз жерін баптап ала аласыз. Интерфейсіне ұнайтын тақырып қойып, дыбыстық сигналдарды ауыстыруға болады. Бір қарағанда ұсақ-түйек көрінгенімен, бұл да — жұмысқа деген құлшынысты арттыратын амалдар. iOS-та ғана бар. Ақылы нұсқасы айына 1,99 доллар. Жылдық түрі — 11,99 доллар. Өмір бойғы қолданыс үшін 22,99 доллар төлеуіңіз керек. 

Evernote

Evernote — кез келген қолданушының жұмыс барысын, шаруаларын өнімді ақтаруға көмектесетін ең танымал сервистердің бірі. Мұны жеке мақсатта қолданатындармен қатар, жұмыс барысында пайдаланатындар да көп. Evernote-та ескертпе, шаруалар тізімі, зерттеулер, кестелер сынды түрлі нәрсе жасауға болады. Әрі сол ақпараттың бәрін кез келген құрылғыдан ашып, қарай беруге мүмкіндік бар. Керек десеңіз, мақалаларды көшіріп, суреттер сақтап, қолжазбалар қосуға болады. Құжаттар жасап қана қоймай, скандау мүмкіндігі де қосылған.

Ұжымдағы нұсқаулықтар, жоспарлар, ортақ блокноттар мен жобаларға атқаруға да таптырмайды. Көп шаруаның ішінен шатасып қалмас үшін іздеу жолағына тег жазып, тез-тез таба аласыз. Ескертпелер қосып, оған түрлі форматтағы элементтер қосуға болады. Сол ескертпелерді блокноттарға қыстырып қойып, айрықшаласаңыз, сол жұмыстың атқарылу барысын бақылап отырасыз.

Сіздегі құрылғының барлығымен синхрондалады. Біреуінен бастағанда екіншісінен жалғастыра бересіз. Бірлескен блокноттар жасауға болатындықтан, командалық жұмыс істеу тіпті қызық бола түседі. Өйткені әркім идея қосып, оны команда мүшелері лезде көріп отырады. Шаруалар тізімін жасап, қалай атқарылып жатқанын белгілеп отыруға болады. Толық аяқталған соң, белгі қойып қоясыз. Құжаттар неше түрін жасауға мүмкіндік береді. Жарғы жасайсыз ба, есеп дайындайсыз ба — ерік өзіңізде. Сонымен бірге билет, брондарды сақтап қоюға да ыңғайлы. Барлық операциялық жүйеде, браузерде жұмыс істей береді.  

Flow

Минимализмді жақсы көретіндерге помодоро-таймер техникасындағы осы қолданбаны ұсынамыз. Мұнда сізді алаңдататын ештеңе жоқ. Алдымен сізге түсіндіру үшін нұсқаулық беріледі. Бір шаруаны атқару үшін сізге әр интервалда 5 минуттан үзіліс беріп, төрт сессиядан соң ұзағырақ демалыс береді. Тегін нұсқасы бар. Бірақ циклды іске қосып, бұғаттағышты қолданып, күнтізбемен синхрондау үшін PRO нұсқасын сатып алу қажет. Күндік, апталық, айлық не жылдық статистиканы алып отырасыз. Қай жерде атқарылмаған шаруа бар, қай кезде нәтиже жақсы болды — көрініп тұрады. Бірақ дыбыстардан метроном ғана бар. Құны — айына 0,99 доллар. Жылдық нұсқасы 9,99 доллар тұрса, өмір бақи қолданыс ақысы — 29,99 доллар.

Focus To-Do: Pomodoro Timer & To Do List

Жеке және командалық мақсаттарға жетуге көмектесетін мобайл қолданба. Оның ішінде оқиғалар күнтізбесі, тапсырмаларға тег қою сынды функциялар бар. Жоспарланған дүниелерден бөлек, оған кеткен нақты уақытты да көрсетеді. Кесте мен сандары бар есеп жасалады. Ең қызығы, бұл қолданба орман отырғызғандай әсер береді. Яғни неғұрлым мақсат орындалып, жоспарға сай жұмыс істесеңіз, ағаш өседі. Көз алдында мұндай процесс болып жатқаны жұмысқа ынтаны арттыра түседі. Дыбыс сигналының бірнеше түрі бар, көңіліңіз қалағанын таңдай аласыз. Тапсырмаларды алдын-ала жоспарлап қойсаңыз, уақыты таяғанда қолданба есіңізге салады. Қолданбадан шығуға болмайды. Шықсаңыз вибрация мен қатты дыбыс шыға бастайды. Соған қарамастан шығып кетсеңіз, бүкіл прогресіңізден айырыласыз. Нұсқаулық бар, сол жерде бәрі түсінікті жазылған. Жаңа қолданушыларға шағын бонус береді. Кемшілігіне келсек, таймерді тек премиум нұсқада баптауға болады. Тегін және премиум нұсқалары бар. Ақылы түрінің ақысы үш айға — 4,99 доллар немесе шексіз уақытқа 14,99 доллар.

Any.do

Бұл қолданбада еске салғыш, тег, тапсырма ішіндегі тапсырма, файлдар қосуға болады. Приоритет функциясы арқылы басты нәрсеге назар аударып, маңызды дүниелерді ұмыт қалдырмайсыз. Тізімдерді достарыңызға, командаластарыңызға жіберуге болады. Бірлесіп жоба жасай аласыз.

Қолданушыға қосымша мотивация сыйлайтын Focus деген опция бар. Егер қосып қойсаңыз, юзер тапсырманы орындамаса виртуал шырша кесіледі. Тағы бір ерекшелігі — сатып алған заттар тізімі бар. Оны қолданба автомат түрде санаттарға бөліп қояды. Ақылы нұсқасын алсаңыз, түрлі түсті тег қойып, тема орнатып, белгішелер қосуға болады. Сондай-ақ белгілі бір локацияға байланған ескертпелер қоса аласыз. iOs, Android операциялық жүйелерінде бар. Дербес компьютерге арналған нұсқа мен Сhrome кеңейтімін де орнатуға болады. Базалық нұсқасы тегін, ал премиум-нұсқасы айына 9,99 доллар тұрады. Жарты жылға — 26,99 доллар, бір жылға 59,99 доллар төлейсіз.

Google күнтізбе

Ең қарапайым, түсінікті әрі сенімді сервистердің бірі. Жоспарлауға арналған бұл қолданба барлық құрылғымен синхрондалады. Бұрын күнтізбе арқылы тапсырмаларды уақыты мен күніне қарай сорттауға ғана болатын болса, қазір оның функциясы көбейді. Мысалы, мақсат қоя аласыз. Бір мақсат қоссаңыз, қолданба оған жететін уақытты өзі ұсынады. Gmail-дағы іс-шараның бәрі автомат түрде осы жерге шығып тұрады. Әлденені ұмытып кетем деп уайымдамасаңыз болады. Танымал браузердің бәрінде ашылады. iOs, Android операциялық жүйелерінде бар. Тегін қолдана бересіз.  

MyLifeOrganized

Интерфейсі қарапайым, түсінікті. Жоспар жасауға қолайлы, қажетті бәрі кірістірілген. Тізім жасап, оны реттеуге, қосымша тапсырмалар қосуға, ескертпе, тег қоюға болады. Бірақ бірнеше todo-тізім жасай алмайсыз. Сосын басқа әріптесіңізбен MyLifeOrganized ішіндегі талқы жасауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан тапсырма көп болса, онда бұл қолданба сізге келмеуі мүмкін. Ал енді артық ештеңесі жоқ, шаруаларды жоспарлау ғана қажет болса, онда бұл қолданба сізге ұнауға тиіс.

Локацияға қарай ескертпе қою функциясы бар. Бір адреске барғанда ол сізге еске салып отырады. Тегін және ақылы нұсқаларын қалауыңызға қарай қолдана аласыз. Мысалы тегін түрінде қайталама тапсырмалар жасайтын, құпиясөз қоятын, тапсырмаларды белгілі бір ретпен орындайтын функциялар жоқ. Windows, Android, iOS-қа арналған нұсқалары бар. Базалық түрі тегін. Дербес компьютерге арналғанына бір рет 59,95 доллар төлейсіз. Ал мобайл құрылғыларда мәңгі бақи қолдану үшін 29,99 доллар төлеу керек.