Құрылыс вице-министрі Маралдыдағы алтын өңдеу фабрикасының құрылысына қатысты пікір білдірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Маралдыдағы алтын өңдеу фабрикасы қашан ашылады? / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралдыдағы алтын фабрикасының құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Бұл туралы Құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі Жәннат Дубирова мәлім етті.

Вице-министр «Маралды» кен орнында алтын өңдейтін фабриканың құрылысына бүгінге дейін қанша қаржы жұмсалғанын айтты.

«Құрылыс жұмыстары 80% аяқталды. Оған 2 млрд 152 миллион теңге жұмсалды. Фабрика құрылысы толығымен министрліктің қатаң бақылауында болады. Сәулет-құрылыс бойынша барлық талап сақталады. Қоршаған ортаға зиян келген жағдайда, барлығы заң шеңберінде тексеріледі», – деді ол.

Алтын өңдейтін фабрикадан еліміз қаншалықты пайда көретініне қатысты сұраққа вице-министр жауап бере алмады.

Айта кетейік, 2013 жылдан бері Маралды ауылының аумағында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2022 жылы алтын қоры анықталғаннан кейін, алтын өндіру фабрикасын салу жобасы қолға алынды. Дәл сол жылы фабрика құрылысы басталған. Жобаны тиісті министрліктер мақұлдады, сонымен қатар өндірістің қоршаған ортаға қауіпсіздігі бойынша барлық қажетті қорытынды алынды. Алайда тұрғындар кәсіпорынның алтын кенін ашық әдіспен қазып алып, цианид қоспасымен шаятынына наразы болып келеді. Бұл әдіс табиғатқа зиян келтіріп, өзен мен ауызсуды ластауы мүмкін дегенді айтады.

Бұған дейін қазақстандық алтын өндірушілердің үштігіне кіретін «Алтыналмас» холдингінің бір жылда өңделетін кен көлемін 2,5 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспары туралы хабарлаған едік.

2023 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша оның 13 еншілес компаниясы бар. Компания акционерлері: GOUDEN RESERVES B.V. (60% жай акциялар), Владимир Жұманбаев (20%), Дияр Қанашев (10,5%) және Игорь Ветиул (6,5%).

Топ активтері Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан. Өндірілген кен «Ақбақай», «Долинное», «Ақсу» алтын өндіру зауыттарында, «Пустынное» кен байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металл өңдеу зауытында қайта өңделеді.

Сондай-ақ оқыңыз