Қазақстандықтардың баспаналарын сақтандыруды міндеттеу ұсынылды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Сенатор төтенше жағдайлар кезіндегі шығындарды өтеудің жаңа жолдарын ұсынды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор-Ахтам Зиперов

Сенатор Бибігүл Жексенбай су тасқынынан соң жылжымайтын мүлікті сақтандыруды міндеттеу керектігін айтты. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезіндегі шығындарды өтеудің жаңа жолдарын ұсынды.

Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған Бибігүл Жексенбай биыл еліміздің бірқатар өңірін қарғын су басып, 13 мыңға жуық  үй су астында қалғанын еске салды. 

«Бүгінде Үкімет пен жергілікті билік оның зардаптарын жою бойынша кешенді шараларды жүргізіп жатқаны белгілі. Алайда мұндай төтенше жағдайдағы шығындарды өтеудің мемлекеттік бюджетпен қатар жаңа жолдарын қарастыру уақыт талабы», деді Бибігүл Жексенбаева.

Сенатордың айтуынша, алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылуы керек. Дамыған елдерде апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары да өз мойнына алады. Ол үшін экономика мен қаржы жүйесін дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек.

«БҰҰ дерегінше, соңғы 20 жылда әлемде табиғи апаттар: жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық және дауылдардың саны 2 есе өскен. Қазақстанның 75% дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрттері сияқты табиғи апаттардың қаупі жоғары аумаққа жатады. Халықаралық тәжірибе бойынша мұндай табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйелері жұмыс істейді», – дейді депутат.

Ол сондай-ақ табиғи апат кезіндегі сақтандыру қоры дұрыс жолға қойылған бірқатар шет мемлекеттерді мысалға алды.

«Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы – Түркияның апатты сақтандыру пулы қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің шамамен 50%-ы осы міндетті бағдарламамен қамтамасыз етілген. Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт ішінде бағдарлама үнемі жетіліп келеді. Шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады», – деді Бибігүл Жексенбай.

Депутаттың пікірінше, Қазақстанда сақтандыру нарығы айтарлықтай дамымаған.

«Ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Үкіметі көтереді. Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы 20 жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсаттағы жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған», – деді сенатор.

Бибігүл Жексенбай статисикалық деректерді келтіре кетті. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы 2 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен.

«Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4%. Алматының үлесі небәрі – 14,85% ғана. Бірақ су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандырудың деңгейі өте төмен – 1%-дан да аз. Әдетте сақтандыру жайлы табиғи апат кезінде ғана еске түседі», – деді депутат.

Сенатор елімізде баспананы міндетті сақтандыру тетігі мен мәселені шешудің жолдарын ұсынды:

  • Еліміздегі сақтандыру жүйесін жетілдіру және тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру мүмкіндігі боййынша халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылардың қатысуымен арнайы ведомствоаралық комиссия құруды қарастыру;
  • Отандық сақтандыру компаниялардың төтенше жағдайлар шығынын өтеуге қатысты әлеуетіне сараптама жасалып, олардың жарғылық қорларын көбейту жағдайын зерделеу;
  • Мемлекет адамдарды төтенше жағдайлар қаупі туралы ұдайы алдын ала ескертіп, тұрғындардың да жауапкершілігін арттырып, алдын ала шараларды қолдануына барынша жағдай жасауды қарастыру. Сондықтан президенттің осы орайдағы талабы жеке заңнамалық нормада көрсетілу мүмкіндігін ойластыру;
  • Табиғи апаттар салдарынан келтірілген залалды өтеу тәртібін реттеу үшін қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеуге, халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыру мен қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді қарастыру. Мысалы, АҚШ-тың осы саладағы ең көрнекті тәжірибесі су тасқынынан сақтандырудың ұлттық жүйесі туралы заң саналады, – деп түйіндеді депутат.

Айта кетейік Құлсары қаласының тұрғындары су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шықты. Әкімдік зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлейміз десе, тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленгенін қалайды.

«Атырау облысында мұндай баға жоқ. Қызылорда облысы суға кеткенде 280 мың теңгеден есептеген. 2008 жылы. Қазір 2024 жыл, 400 мыңнан берілмейді деген не сөз? Біз үйімізді өзіміз суға кетіріп тұрған жоқпыз. Үйдің құнын толық төлеп, үстінен моральдық шығын беруі керек», – дейді тұрғындар.

Ал Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов су тасқыны салдарынан өңірлерге келген шығын екі айдан бері әлі есептеліп жатқанын айтты.

Тасқын салдарынан 12 908 үй су астында қалды

Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалған. 3 өңірде, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 264 үй әлі де су астында. Сондай-ақ, 25 921 саяжай учаскесі су астында қалған. Оның ішінде 6016 үй зардап шеккендердің жалғыз тұрғын үйі саналады. 

Сондай-ақ оқыңыз