Жаңалықтар

Dow орнатқан жаңа рекордтан Peconic пайда тапты, ал Джеймс Даймон ФРЖ мөлшерлемесі көтеріліп кетуі мүмкін деп қауіптенеді

Dow орнатқан жаңа рекордтан Peconic пайда тапты/ Shutterstock

АҚШ экономикасының бір бөлігін құрайтын Dow индексі кеше рекордтық 40 мыңдық пунктке жетті. Бірақ сонда да Уолл-стритте алаңдай болжам айтып отырғандар бар. Мысалы, JPMorgan Chase атқарушы директоры Джеймс Даймон ФРЖ мөлшерлемесі көтерілуі мүмкін деп қауіптенеді. Ал Peconic Partners хедж қорының негізін қалаушы Билл Харниш тек белгілі бір секторлардың ғана қағаздарына инвестиция салуға кеңес береді. Осы және басқа да тақырыптар туралы 16 мамырдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Dow индексі рекордтық 40 мыңдық пунктке шығып көрді

Dow индексі бейсенбі, 16 мамырда, алғаш рет 40 мыңдық деңгейге барып, жаңа тарихи шек орнатты деп хабарлайды Reutеrs. Алайда сауда қорытындысы бойынша 39 869 пунктке дейін төмендеді (-0,1%).

Сарапшылардың айтуынша, бұл шекке шығып көру АҚШ экономикасының бір бөлігін құрайтын индекстегі компаниялардың өсіп жатқанын білдіреді. Жалпы көгілдір фишка индексі 2022 жылдың қазан айындағы ең төменгі деңгейден шамамен 40%-ға қалпына келген. Компаниялар өте жақсы тоқсандық нәтиже аясында нарықтық көрсеткіштерді жақсартып жатыр. Инфляцияның баяулауы да инвесторлардың қызығушылығын күшейтеді. Енді тағы да трейдерлер 2024 жылдың қыркүйегінде ақша саясаты жұмсарады деп күтіп отыр. CME FedWatch мәліметі бойынша, бұл өзгеріс 70%-ға ықтимал.

Independent Advisor Alliance қызметкері Крис Заккарелли: «40 мыңдық кедергіні еңсеру – бұқаларға үлкен психологиялық ынталандыру. Өйткені адамдар үшін дөңгелек санның маңызы ерекше жоғары, – деп атап өтті Bloomberg-ке берген түсініктемесінде. – Алайда нарықтар қазір «қайта бағалау аумағына» көшіп жатыр. Сондықтан акцияларға инвестиция салу кезінде анағұрлым сақ болу керек».

Джеймс Даймон: ФРЖ мөлшерлемелері нарықтар күткен деңгейден жоғары көтеріледі

Market Watch-тың айтуы бойынша, JPMorgan Chase атқарушы директоры Джеймс Даймон АҚШ экономикасындағы өзгерістер жайлы бола ма, жоқ па, ол жағы нарықтар күткендей емес, екіұшты деп санайды. Бейсенбіде белгілі қаржыгер акциялар бағасының көтерілуі «қамсыздыққа» жетелейтінін айтты. «Көңілім алаңды, – деді Даймон Blomberg TV-ге берген сұхбатында. Бұл сұхбат Х желісінде жарияланған. – Акциялар өте қымбат. Инфляциялық қысым жалғаса беріп, мөлшерлемелер көтерілуі әбден мүмкін».

Даймон инфляция мен геосаяси қауіп экономикадағы «стресс факторлары тізімінің» басында тұрады деп санайды. «Геосаясат мұнай мен газдың құнына әсер етуі мүмкін, – дейді ол. – Ал жоғары пайыздық мөлшерлемелер, сондай-ақ ықтимал стагфляция жылжымайтын мүлік саласында қиындық туғызып, қарызға батқан компанияларға теріс әсер етуі мүмкін». Даймон сонымен бірге Қытайға «сауда соғысын» ашуға қарсы шықты: «Біз Қытаймен бірге жұмыс істеуіміз керек. Себебі екі елдің мүддесінің тоғысатын тұсы көп: климат, ядролық қарудың таралуына қарсы күрес, терроризмге қарсы күрес», – деді.

Peconic хедж қоры коммуналдық сектордың арқасында 2024 жылы 18%-ға өсті

«Peconic Partners негізін қалаған Билл Харниш 2024 жылдың басынан бері өз қорына 18% табыс әкелді», – деп жазады Bloomberg. Инвестор бұл жетістікке акцияларды дұрыс таңдай білуі арқылы жеткенін айтты. Атап айтқанда, ол Starbucks-қа қарсы «аю» позициясын, ал Quanta Services және Dycom Industries сияқты ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобаларға қатысты «бұқа» позициясын таңдаған.

Харниш электр энергиясына деген сұраныс жасанды интеллект пен электрлік көліктердің таралуы аясында артатынына сенімді. Наурызда ол NextEra Energy және Southern сияқты коммуналдық кәсіпорындарды сатып ала бастады. Солай бола тұрса да, жалпы Харниш акцияларға асқан сақтықпен қарайды.

Peconic ұзақ мерзімді перспективада АҚШ экономикасына қарағанда жылдам өсетін компаниялар мен бағасы төмендетілген акцияларды іздейді. «Біз үшін тек жоғарыға өрлейтін нарық жоқ, – дейді Харниш. – Егер мөлшерлемелер төмендесе, өсуге жақсы сектор коммуналдық қызметтер болуы мүмкін».

Peconic-тің көлемі 1,8 млрд долларға бағаланады. Қор төрт жыл қатарынан үздіксіз өсіп келеді. 2022 жылы оның кірісі 26% болды, ал S&P 500 сол кезде екі таңбалы шығынды көрсеткен болатын. Электр энергиясын өндірушілер қазір бұл қордың ұзын портфелінің, шамамен, 15%-ын құрайды. Бұл сала S&P 500 индексінің 3%-дан азын құрайтынын ескерсек, өте батыл қадам.

Айтпақшы, Bloomberg басқа мақаласында атап өткендей, АҚШ-тағы электр қуатын өндірушілер 2035 жылға қарай өндіріс қуатын 80%-ға арттырады. Бұл – 1 тераватт қосылады деген сөз. АҚШ-тағы өнеркәсіпшілер келесі онжылдықтың ортасына қарай 737 гигаватттық күн панельдерін қосады. Бейсенбіде жарияланған BNEF есебінде мұның 2023 жылдың жалпы белгіленген қуатынан төрт есе көп болатыны айтылған. Сонымен қатар АҚШ-та, шамамен, 200 гигаваттық жел генераторлары орнатылады. Ол кезде елдегі турбиналардың қуаты екі еседен аса шамаға артады.

Шетелдік инвесторлар қайтадан ұзақ мерзімді жапон облигацияларын сатып алып жатыр

«Шетелдік инвесторлар үш апта бойы жүрген жапондық облигацияларды сату трендін үзді, – дейді Reuters. – Енді трейдерлер ұзақ мерзімді қағаздарды сатып алуға көшіп, 10 мамырда аяқталған апта ішінде 1,7 трлн иен жұмсаған. Жапония Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, сегіз аптадағы ең үлкен сатылым сол болған. Сонымен қатар шетелдіктер 2,43 трлн иенге жуық қысқа мерзімді жергілікті облигацияларды сатып алған.

Жапониядағы облигациялар мен акцияларға деген қызығушылық АҚШ-та жаңа макроэкономикалық мәліметтер жарияланғаннан кейін өскен. Еңбек нарығы салқындауда, бұл өзгеріс ФРЖ мөлшерлемелерінің тез төмендеу мүмкіндігін арттырады. Алайда жапон акциялары мен облигациялары үшін әлі де қауіп сақталып отыр. Өйткені иенаның құбылмалылығы ақша-несие саясатын қатаңдатуы ықтимал.