Roche фармацевтикалық компаниясы семіздікке қарсы дәрі нарығындағы бәсекені қыздыратын жаңа препарат жасап жатқанын айтты
Roche шығарайын деп жатқан бұл дәрі Novo Nordisk өнімі Wegovy мен Eli Lilly өнімі Zepbound үшін бәсекелес бола алады / Фото: Reuters
Швейцариялық фармацевтикалық алпауыт Roche өзінің семіздікке қарсы препаратының алғашқы кезеңдік сынағының нәтижелері туралы айтты. Бұл өнім Novo Nordisk шығаратын Wegovy мен Eli Lilly өндіретін Zepbound бестселлерінің бәсекелесіне айналуы мүмкін. Осы мәлімдемеден кейін Roche қағаздары саудада қымбаттады, ал Novo мен Eli Lilly акциялары арзандады.
Толығырақ
— Бейсенбі күні Копенгагендегі саудада Novo Nordisk акциялары 883,2 Дания кронына (шамамен 128 доллар) дейін төмендеді. Бұл – алдыңғы саудадағы жабылар кездегі бағадан 3,8%-ға төмен. Novo Nordisk ADR-і Нью-Йорктегі саудада құнының 1,2%-ын жоғалтты.
— Eli Lilly қағаздары Нью-Йорк қор биржасында 2%-ға арзандап, 771,57 доллар болды.
— Швейцариядағы сауда қорытындысы бойынша, Roche акциялары 3,2%-ға қымбаттады. Олардың құны 228,4 швейцариялық франкке (шамамен 252 доллар) жеткен кезі де болған. Бұл – компания үшін екі айдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Roche депозитарлық қолхаттары бейсенбіде 4%-ға қымбаттады.
Сонда, Roche не туралы айтып еді?
«Roche компаниясы CT-388 деп аталатын эксперименттік семіздікпен күресу препаратының алғашқы сынақ кезеңінде үлкен үміт күттіретін нәтиже бергенін хабарлады» деп жазды CNBC. Зерттеудің бірінші кезеңінің 24 аптасы ішінде препарат апта сайын егілген адамдар плацебо қабылдағандарға қарағанда салмағының 18,8%-ын жоғалтқан. Препаратты қабылдаған барлық пациент 5%-дан астам шамаға арықтаған. Ал 70%-ы 15%-дан, ал 45%-ы 20%-дан астамға арықтаған. CNBC мәліметі бойынша, Eli Lilly өнімі Zepbound 72 апта бойы қабылдағаннан кейін 22%-ға, ал Novo Nordisk өнімі Wegovy 68 аптадан кейін ғана 15%-ға арықтатады.
«Өнім адамның тәбетін басатын GLP-1 және GIP деген екі ішек гормонының негізінде жұмыс істейді» деп түсіндіреді CNBC. Сол сияқты, Zepbound және қант диабетіне қарсы Eli Lilly өнімі Mounjaro да дәл солай жұмыс істейді (Wegovy-да бір-ақ гормон бар). CT-388 – семіздікке де, қант диабетіне де қарсы дәрі. Roche осы секілді дәрі қабылдаған жандарда болатын өзгерістерден басқа CT-388 қабылдаған пациенттерде жаңа немесе күтпеген жанама әсерлердің байқалмағанын атап өтті.
Нарыққа қалай әсер етеді?
Roche былтырғы желтоқсанда семіздікке қарсы дәрі-дәрмек жасаушы – калифорниялық Сarmot стартапын, шамамен, 3 млрд долларға сатып алғаннан кейін арықтататын дәрі-дәрмек өндірушілер жарысына қосылды. Бірақ ол өнімнің нарыққа шығатын күні әлі алыс деп атап өтті CNBC.
Дегенмен Barron’s «CT-388 нәтижесі, Zepbound-тың алғашқы нәтижесімен салыстырғанда, көңіл көншітерлік» деген William Blair талдаушысы Энди Шейдің сөзін келтіреді. Ол Roche компаниясының мардымсыз мәлімет бергенін, сондықтан әзірге салыстыру қиын екенін айтады. Бірақ «CT-388 қабылдаған адамдардың Zepbound қабылдағандардан гөрі тез әрі көбірек шамада арықтағаны өтірік емес», – дейді. «CТ-388 тиімділігі Eli Lilly компаниясының Zepbound препараты көрсеткен тиімділіктен жоғары», – деп оны Jefferies талдаушысы Акаш Тевари де қостады.
CT-388 нәтижелері әзірге Eli Lilly бизнесіне тікелей қауіп төндірмейді дейді сарапшылар. Алайда, олардың пікірінше, 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жетуі мүмкін семіздікке қарсы дәрі-дәрмек нарығына шыққысы келетіндер көп болады.
Контекст
«Соңғы жылдары инвесторлар мен пациенттер «арықтауға арналған дәрі деп есінен танып, жаңа өндіруші іздеп жүр». Бірақ әлі де Eli Lilly мен Novo бұл нарықта үстем, бәсекелестерінен бірнеше жылға озып кетті» деп атап өтті Barron’s. Бірақ басқа компаниялар да солай екен ғой деп қарап жатқан жоқ дейді басылым. Барған сайын инвесторлар бұл нарықты жіті бақылайтын болып келеді. Арықтау дәрісіне қатысты жаңалық шыға қалса, баға күрт өсіп кетеді. Мамыр айының басында Amgen акциялары 15 жыл ішінде ең жақсы күнді бастан өткерді. Бұған себеп болған – компанияның мәлімдемесі. Яғни ол арықтау құралдарының әлеуетті бәсекелесі – MariTide препараты төңірегіндегі зерттеуден айрықша қанаттанғанын айтқан. Осы салада жарысып келе жатқан фармацевтикалық компаниялар қатарында Viking мен Structure Therapeutics компаниларының барын да Barron’s еске салады.
Акцияны не істеу керек?
Сарапшылар негізінен Novo Nordisk қағаздарын сатып алуға шақырады. 17-сі Buy рейтиңінде, үшеуі – Оverweight («нарықтан жоғары») деп хабарлайды MarketWatch. Сегіз сарапшы қағаздарды (Hold) ұстап отыруға кеңес береді. Үшеуі күмәнмен қарайды. Екі сарапшы Underweight («нарықтан төмен») және біреуі Sell (сату) жағында.
Eli Lilly акциялары жөніндегі пікір де осы сыңайда: 22-сі сатып алу, 8-і сақтау, біреуі ғана Underweight жағында. Sell жағында ешкім жоқ.
Roche акцияларын бақылайтын сарапшылар екіге бөлінді. Жеті сарапшы сатып алу, сегізі сақтау жағында деп хабарлайды MarketScreener. Бір сарапшы Underperform бағасын берді, үшеуі сатуға шақырады.