Құлсары қаласына келген шығын көлемі әлі есептеліп біткен жоқ – Қаржы министрлігі
Үкімет резервінен Атырау облысынан қосымша қаржы бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.
«Заңға сәйкес, Үкіметтің №13.58 деген қаулысы бар. Сол қаулыда «егер қандай да бір жарамды үйлер болса, тиісті бағалау жүргізіліп, сол бағалау құны берілетіні» жазылған. Оның қандай да бір максималды шегі жоқ. Максималды шек үйдегі заттарға, яғни, тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық заттарға 150 АЕК-ке (553 800 теңге) дейін беріледі. Сома одан аспауы керек», – деді Дәурен Темірбеков.
Бұдан бөлек, жөндеу жүргізілетін үйлердің шығынын да мемлекет толық көлемде өтеуге тиіс. Құлсары қаласында тсу тасқынынан келген шығын көлемі есептеліп жатыр.
Оның айтуынша, қазір 24 мың отбасыға 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленді. Ол шамамен 9 млрд теңге. Бұл жергілікті әкімдіктердің қаражаты.
«Үкімет резервінен 405 млн теңге бөлінді. Қаржы Атбасар қаласынан 35 үйді сатып алуға бағытталды. Қазір Үкімет резервінде 54 млрд теңге бар. Егер қаржы жетпесе, басқа резервтен шұғыл шығын ретінде есептеп, төтенше жағдай салдарын жоюға бөле аламыз. Мұның бәрі Үкіметтің қолында. Атырау облысынан Қаржы министрлігіне әзірше өтінім түскен жоқ. Егер осындай қажеттілік болса, міндетті түрде бұл мәселені шешеміз», – деді Қаржы вице-министрі.
Еске сала кетсек, құлсарылықтар су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шықты. Әкімдік зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлейміз десе, тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленгенін қалайды.
Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі әлі көтеріліп жатыр. Кейбір елдімекендерді әлі де су басуы мүмкін.