2023 жылы Үкімет бюджеттің 489 млрд теңгесін тиімсіз жаратқан

Жарияланды

Фото: kursiv.media

2023 жылы Үкімет бюджеттің 489 млрд теңгесін тиімсіз жаратқан. ҚР Жоғары аудиторлық палата бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 16%- ға асып түскенін анықтаған.

Бұдан басқа, аудит қорытындысы бойынша, қазынадан қаражатты негізсіз жоспарлау және пайдалану, 537 млрд теңгеге пара-пар бюджеттік бағдарламаларды тиімсіз басқару оқиғалары анықталған.

Сондай-ақ, аудиторлар инвестицияланған қаражаттың экономикалық әсері барлық қажетті шығыстар бойынша, әсіресе Бюджеттік инвестициялық жобалар мен субсидиялар бойынша байқалмайтынын анықтады. Сала мамандарының  пікірінше, жүргізілген жұмыстардың ауқымын бағалауға мүмкіндік бермейді.

«Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде де кемшіліктер анықталды. Олардың ішінде: жобалау кезінде сапалы алдын ала талдау жеткіліксіз, ведомствоаралық өзара байланыстың әлсіздігі, қаржыландырудың нақты критерийлерінің болмауы. Ал бұның арты республикалық бюджеттен қаржыландыру кезінде тиімсіздік тәуекелдеріне алып келген», – деп түйіндеді ведомствода

Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, 2023 жылы бюджет түсімдері 99,9 пайызға орындалып, 19,296 трлн теңгені құраған. Шығыны 22,417 трлн теңгеге жеткен (99,6%) Бюджет тапшылығы 3,121 трлн теңгені құраса, бұл жалпы ішкі өнімнің 2,6 пайызына тең.

Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанның шоғырландырылған бюджеті кірісінің өсімі шығысының өсімінен артта қалған. Сондықтан үкімет сырттан қарыз ( 5,5 триллион теңгеге дейін) және Ұлттық қордан қайта-қайта қаржы алуға мәжбүр болды.

Сондай-ақ оқыңыз