Қызметкерлері арасында «тиесілік пен мақтаныш сезімін» қалыптастыру мақсатында ҰҚК символикасын өзгертеді
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті «А» арнайы мақсаттағы қызметі, Сыртқы барлау қызметі және ҰҚК Академиясы үшін ту мен эмблеманы өзгерткісі келеді. Комитеттегілер жаңа рәміздер қауіпсіздік қызметкерлеріне «қоғам мен мемлекет алдындағы миссиянын» үнемі еске салып тұрады деп санайды.
ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев Президенттің «ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының рәміздері туралы» Жарлығына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Тиісті жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылаулар 30 мамырға дейін жалғасады.
«ҰҚК жекелеген органдарының ерекшелігін ескере келе, ҰҚК ведомстволары үшін ту мен эмблеманы («А» арнайы мақсаттағы қызметі мен сыртқы барлау қызметі), ҰҚК Академиясы үшін ту мен эмблеманы айқындау ұсынылады. Бұл рәміздер аталған ведомстволар мен ҰҚК Академиясының корпоративтік мәдениеті мен дәстүрлерінің негізгі элементі болып табылатындығына байланысты», – делінген түсіндірме жазбада.
Жоба авторларының пікірінше, жаңа рәміздер ҰҚК қызметкерлері мен Академия курсанттарында «тиесілілік пен мақтаныш сезімін» қалыптастыруға ықпал етеді.
«Рәміздер қоғам мен мемлекет алдындағы орган қызметкерлерінің басты миссиясы мен жауапкершілігін үнемі естеріне салып отырады. Оқу процесінде және ресми іс — шараларды өткізу кезінде рәміздердің болуы мен қолданылуы Академия қызметкерлері мен курсанттары арасында тәртіпті нығайтуға, моральдық және патриоттық рухты арттыруға ықпал етеді», – деп атап өткен ҰҚК ұсынған құжатта.
Жоба әзірлеушілер комитеттің бастамасы республикалық бюджеттен қосымша қаржы талап етпейтінін атап өткен.
ҰҚК-да Ұлттық қауіпсіздік органдарына қандай жаңа рәміздерді енгізу ұсынылды
Жаңа рәміздер міндетті түрде ҰҚК басшылығының кабинеттерінде, ресми және салтанатты шаралар кезінде, жауынгерлік және терроризмге қарсы іс-шаралар барысында көрнекі орындарға ілінеді. Ал «А» арнайы мақсаттағы қызметінің эмблемаларын жауынгерлік, жүк және жеңіл техникаға, автобустарға, тіпті баспа және кәдесый өнімдерінің сыртқы бөлігіне жапсырылатын болады.
Бұған дейін Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің міндеттерінен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күзетін алып тастап, арнайы қызметке жаңа өкілеттіктер берген болатын.