Жаңалықтар

Жоғары аудиторлық палата 2023 жылы бюджетке 4,6 млрд теңге түспей қалғанын анықтаған

бюджет тапшылығы

Фото: kursiv.media

Жоғары аудиторлық палата (ЖТП) 2023 жылы бюджетке 4,6 миллиард теңге түспей қалғанын анықтаған. ЖТП мүшесі Нұрлан Нұржанов Мәжілісте 2023 жылы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты Үкімет есебінің маңызды тұстарына тоқталды.

«Сонымен қатар, жоспарлы салықтық түсім мен кедендік бақылаудың уақтылы жүргізілмеуінен бюджетке келген шығын 4,6 миллиард теңгеге жеткен», – деді ол

Нұржанов айтуынша, жоспарлы салық түсімдерінің орындалмай қалуына корпоративтік табыс салығы, ішкі нарықта өндірілген тауарларға салынатын ҚҚС және импорттық тауарларға салынатын ҚҚС сияқты үш ірі бюджет құраушы салықтың тиісті дәрежеде түспей қалуы әсер еткен. Жеткіліксіз сомасы 2,3 триллион теңге.

Аудиторлық тексеріс кезінде көршілес Қытаймен арадағы сауда сәйкестігінің айырмашылығы 5,8 пайызға немесе 1,4 миллиард долларға (621 млрд 600 млн теңге) жеткені анықталған.

Былтыр Үкімет бюджеттің 489 млрд теңгесін тиімсіз жаратқан. Жоғары аудиторлық палата бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 16%- ға асып түскенін анықтаған.

Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, 2023 жылы бюджет түсімдері 99,9 пайызға орындалып, 19,296 трлн теңгені құраған. Шығыны 22,417 трлн теңгеге жеткен (99,6%) Бюджет тапшылығы 3,121 трлн теңгені құраса, бұл жалпы ішкі өнімнің 2,6 пайызына тең.

Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанның шоғырландырылған бюджеті кірісінің өсімі шығысының өсімінен артта қалған. Сондықтан үкімет сырттан қарыз ( 5,5 триллион теңгеге дейін) және Ұлттық қордан қайта-қайта қаржы алуға мәжбүр болды.