Алматы мәслихатының Гагарин даңғылының атауын өзгерту шешімі электронды үкімет жүйесінде қызу талқыға түсті
Алматыда Гагарин даңғылы бір бөлігінің атауын өзгерту туралы Алматы қаласы мәслихатының шешімі ашық талқылауға шығарылған болатын.
Ашық НҚА жүйесінде 14 мамырда жария болған шешімді 10 мыңнан астам адам қараған. 1300 астам адам пікір білдіріп, 181 адам қолдау көрсетіп, 36 адам қарсы шыққан.
Қалалық мәслихаттың ұсынысында Гагарин даңғылының Тимирязев көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейінгі бөлігіне әнші Ермек Серкебаевтың есімін беру туралы жазылған. Ал Төле би көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі бульварлық бөлігі Гагарин атауында қалмақ.
Бұдан бөлек, Әуезов ауданындағы Юбилейная көшесіне актер Владимир Толоконниковтың, Бостандық және Түрксіб аудандарындағы атаусыз көшелерге композитор Ескендір Хасанғалиев пен режиссер Юрий Померанцевтің есімдерін беруді ұсынған.
«Атаулардың өзгеруіне үзілді-кесілді қарсымын. Бюджет қаражатын ысырап ету. Ол азаматтарың есімін жаңа көшелерге беру керек. Әйтпесе, бұл жай ғана «ұрлық» болады», – деп жазған пікір білдірушілердің бірі.
Алайда бұл ұсынысты қолдаған адамдардың саны әлдеқайда көп.
«Хасанғалиевтің де, Серкебаевтың да, Толоконников пен Померанцевтің де жұлдызы Алматыда жанған. Қала үшін еңбек еткен елеулі тұлғалардың атын беруді қолдаймын», – деп жазған тағы бір пікір білдіруші.
Бұл қаулы 28 мамырға дейін Ашық НҚА жүйесінде талқылауда болады.
Ермек Серкебаев – опера әншісі, КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі болған.
Владимир Толоконников – актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, елу жылға жуық Алматыдағы М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жұмыс істеген.
Ескендір Хасанғалиев – әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Юрий Померанцев – актер, режиссер, педагог, Қазақстанның Халық әртісі. Алматы жайлы ең танымал фильмдердің бірі «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде басты рөлді сомдаған.
Сондай-ақ Қарағанды облысы Саран қаласы Ақтас кенті тұрғындарының пікірін ономастикалық комиссия орынды деп тауып, Ленинградская көшесін – Әлия Молдағұлова көшесіне, Бородин көшесін – Бейбітшілік көшесіне, Городская көшесін – Кеншілер көшесіне, Привольная көшесін – Бауыржан Момышұлы көшесіне, 8 Марта және Трансортная көшелерін біріктіріп – Қаныш Сәтбаев көшесіне ауыстыру туралы шешім шығарған.