Жаңалықтар

Үкіметтің экономиканы демеуіне қарамастан, Қытайдағы тұрғын үй бағасы қарқынмен төмендеп келеді

Тұрғын үй бағасы төмендеді / REUTERS/Aly Song

2024 жылдың сәуір айында Қытайдағы тұрғын үй бағасы қарқынды төмендеді. Алайда үкімет жылжымайтын мүлік дағдарысын еңсеру бойынша жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, Қытай ұлттық статистика бюросының жұма, 17 мамыр күні жарияланған мәліметтеріне сәйкес, мемлекет субсидиялайтын тұрғын үйді қоспағанда, 70 қаладағы жаңа үйлердің бағасы наурыз айымен салыстырғанда 1% төмендеген. Бұл соңғы он жылдағы ең төменгі көрсеткіш екені жазылған.

Үкімет тұрғын үйге деген сұранысты қалпына келтіруге тырысуда. Тұрғын үй құнына, аяқталмаған пәтерлерге және жұмыспен қамту кепілдіктеріне сенімнің болмауы сатып алушыларды алаңдатады.

Қайталама тұрғын үй бағасы сәуір айында ең көп төмендеді және сауалнамаға қатысқан барлық 70 қалада төмендегені байқалған.

2023 жылмен салыстырғанда сәуір айында жаңа тұрғын үй бағасы 3,51%-ға арзандаған. Қолданыстағы тұрғын үй бағасы 6,79% төмендеген. 

Үкімет жергілікті органдар арқылы миллиондаған сатылмаған үйлерді сатып алу туралы ұсынысты қарастыруда, бұл нарықты сақтап қалудың ең өршіл әрекеттерінің бірі болады.

Сұранысты арттыру үшін Бейжіңнен Шэньчжэньге дейінгі қалалар сәуір айының соңынан бастап үй сатып алу ережелерін жеңілдетті. Ал Ханчжоу да тіпті шектеулерді толығымен алып тастады.

Елдегі 15 қалада 11 сәуірден бастап ипотека мөлшерлемесінің төменгі шегі алынып тасталды. Бұл бағаны төмендетіп қана қоймай, үй сатып алу мүмкіндігі жоқ азаматтарға ипотека жасауға жеңілдік болмақ.

Төрт қала тұрғын үйге кепілдік беру қорының несие саясатын жеңілдетті. Бейжің несие квотасын 400 000 юаньға (55 000 доллар) арттырса, ал Гуанчжоудың Оңтүстік сауда орталығы 200 000 юаньға арттырды. 

Бұл қадамдар құрылыс компанияларының инвесторларына да қолдау көрсетуге бағытталған. Себебі компаниялардың акциялары осы жылдың өзінде 28% төмендеген.

Наурызда Қытайда тұрғын үй саудасы төмендеуі ұзаққа созылған. Әдетте елде, керісінше, көктем мезгілінде нарықта қарбалас болып, сауда жақсы жүріп келген. Қытай қалаларының басшылары осы көктемгі қарбаласты күткен. Алайда жылдағыдай сұраныс көп болмағандықтан, нарыққа қолдау көрсететін шараларды қолға алған.