Air Astana 2024 жылдың I тоқсанында неге 5 млрд теңгеден аса шығынға ұшырағанын түсіндірді
Air Astana 2024 жылдың I тоқсанында 5,2 млрд теңге шығынға ұшырады. Осыған қатысты компания түсініктеме берді. Тасымалдаушы таратқан ақпаратқа сүйенсек, I тоқсан әлемнің көптеген әуе компанияларында сұраныс төмен болған. Тиісінше, авиакомпаниялар шығынға ұшыраған.
«5,2 млрд теңге мөлшеріндегі шығын көбінесе 2024 жылдың I тоқсанында IPO өткізуге шамамен 2,8 млрд теңге сомаға бір реттік шығынға байланысты. Сондай-ақ 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы нәтижеге Ресейдегі ішінара мобилизациялау байланысты 2,3 млрд теңге мөлшеріндегі кірістің ұлғаюы айтарлықтай әсер еткенін ұмытпау керек. 2024 жылы Ресей азаматтары легінің жағдайы өзгерді», – деп хабарлады Air Astana АҚ-ның Корпоративтік коммуникациялар бөлімі.
Тасымалдаушы, егер осындай деректер ескерілмесе, нәтижелер тиісті маусымға сәйкес келеді деп есептейді. Бұған дәлел ретінде Air Astana EBITDAR көрсеткішін (компанияның пайыздар, салықтар, тозу және амортизация шегерілгенге дейінгі пайдасы) мысалға келтірді.
«EBITDAR өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,9% өсті», – деп хабарлады әуе компаниясы.
Бұл ретте ұлттық тасымалдаушы саладағы әлемдік үрдістермен салыстырғанда, компанияның қаржылық нәтижелері тұрақты деп атап өтті. Өйткені компанияның жалпы түсімі мен өзге де кірісі Наурызға келген Рамазан айы сұранысты төмендеткеніне қарамастан, 13,3% -ға өскен.
«Бұдан басқа, орындалған жолаушы-километрлер (ОЖКМ) көрсеткіші 13,5% -ға өсті. Ал шекті жолаушы-километрлерге (ШЖКМ) үлестік шығын іс жүзінде өзгерген жоқ. Бұл салаға әсер ететін инфляциялық қысымға қарамастан оң көрсеткіш. ШЖКМ-дегі кіріс екі бренд үшін де шығыннан асып түседі. Айта кету керек, компания орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізуге сенімді түрде ұмтылуда және алдағы жазғы маусымға алдын ала брондау деректері оптимизм ұялатады», – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың I тоқсанында Air Astana 5,2 млрд еңге шығынға ұшырады. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына ұсынған қаржылық есебінде жазылған.
Алайда өткен жылы көрсеткіштер анағұрлым жақсы болған. 2023 жылдың I тоқсанында әуе компаниясы 423 млн теңге пайда тапқан.
Есепке сүйенсек, компанияның операциялық кірісі 2023 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 10 млрд теңгеге – 108,8-ден 119,2 млрд теңгеге артты. Ал қаржылық кірісі – 1,3 млрд теңгеден 2,3 млрд теңгеге өсті.
Қомақты кіріске қарамастан, компания операциялық шығындары ұлғайған. Мәселен, 2023 жылдың I тоқсанында көрсеткіш 102,8 2 млрд теңге болған. Биылғы осы кезеңде 120,2 млрд теңгеге жетті. Қаржылық шығындар 5,4 млрд теңгеден 6,1 млрд теңгеге дейін өсті.