Қылмыстық жолмен 4,3 млрд теңге тапқан бизнесменге қатысты сот үкімі шықты

Жарияланды
Әнурбек Жексенғалиев
Әнурбек Жексенғалиев мемлекеттік бюджеттен 1,1 млрд теңге ұрлаған / Фото: kursiv.media

Бизнесмен Әнуарбек Жексенғалиев ұрланған қаражатты заңды айналымға тартып, қаржылық қылмыс жасағаны үшін 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Сот үкімімен кәсіпкердің мүлкі тәркіленген. Құзырлы органдар оның қылмыстық схема арқылы 4,3 млрд теңге көлемінде табыс тапқанын анықтаған.

«Өткізілген параллельді қаржылық тергеу нәтижесінде қылмыстық активтерді жылыстатудың күрделі схемасы зерттелді. Жексенғалиев мемлекеттік бюджеттің 1,1 млрд теңгесін жымқырып, оны бақылауындағы жалған құрылған кәсіпорындардың шоттарына аудару жолымен заңдастырғаны анықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар ол қаражатты шетел валютасына айырбастау арқылы қаржылық операцияларды жүзеге асырған. Ұрланған қаражатты жылыстату үшін жылжымайтын мүлікпен жалған мәмілелер де жасаған. Сондай-ақ жер телімдерін сатып алып, құрылыс компанияларына өткізіп, пайдалануға берілген үйлерден сыйақы ретінде пәтерлер алып отырған.

Қылмыстық кірістерді заңдастыру және жылыстатумен кәсіпкер 2019-2022 жылдар аралығында айналысқан. Жексенғалиевтен мемлекет кірісіне тәркіленген мүліктің сомасы 4,7 млрд теңгені құрайды.

Еске сала кетсек, Әнуар Жексенғалиевке халықаралық іздеу жарияланып, 2022 жылдың маусымында ұсталған болатын. Оны Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті қызметкерлері ұстаған.

Сондай-ақ оқыңыз