Жаңалықтар

Президент Маңғыстау облысына жаңа әкім тағайындады

Нұрдәулет Қилыбай бұған дейін «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның атқарушы директоры болған / Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Маңғыстау облысының әкімі болып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның атқарушы директоры болған Нұрдәулет Қилыбай тағайындалды. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Нұрдәулет Игілікұлы Қилыбай Маңғыстау облысының әкімі лауазымына тағайындалды»,- делінген Ақорда хабарламасында.

Нұрдәулет Игілікұлы Қилыбай 1978 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауылында дүниеге келген. Ол 1999 жылы Алматы темір жол көлігі инженерлері институтын, инженер мамандығы бойынша аяқтаған. Ал 2003 жылы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

1999-2000 жылдары Атырау көлік басқармасының станция бойынша кезекшісі болып қызмет еткен. Кейін Астана станциясының кіреберіс жолдары бойындағы жүктерді қабылдаушы, аға жеткізуші қызметін атқарған.

Ал 2002-2005 жылдар аралығында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ магистральдық желі дирекциясының бас маманы, бөлім бастығы лауазымында істеген. 2005-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және коммуникациялар комитетінің бөлім бастығы, экономика және тарифтік саясат басқармасының басшысы, төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілген.

2009 жылы «Вокзал Сервис» АҚ-ның президенті болып тағайындалған. Бұл қызметінен 2010 жылы ауысып, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ жолаушылар тасымалы жөніндегі басқарушы директоры болған.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және коммуникация комитетінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Президентінің кеңесшісі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ – Маңғыстау жол филиалының директоры, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және коммуникация комитетінің төрағасы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры – аппарат басшысы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентінің міндетін атқарушы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры-президенті, «Теміржолсу» акционерлік қоғамының президенті лауазымдары бойынша қызмет атқарған.

Сонымен бірге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Ақтау қаласының әкімі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары дауазымдарына да таңйындалған.

Еске сала кетсек, 16 мамыр күні өңірді 2021 жылдан бері басқарып келген Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босатылған болатын.