Риддер жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,4 млрд теңге бөлінді
Үкімет резервінен Риддер қаласының жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл жайлы Үкімет үйі хабарлады.
«ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Риддердегі жұмыстарды күшейту үшін Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды»,– делінген хабарламада.
2,4 млрд теңге көлеміндегі қаражат Риддер қаласының «Водоканал» ШЖҚ МКК жылу желілерін күрделі жөндеуге бөлінген. Онда да бұл қаражатқа кейінге қалдыруға болмайтын қажетті шұғыл жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соған сай 50-ден астам учаскелерде шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл тозған жабдықтарды жұмыс істеуге жарамды көрсеткіштерге дейін жеткізуге және қысқы кезеңге дайындауға мүмкіндік бермек.
Қаланың жылу нысандарын қалпына келтіруге өткен жылы да қаражат бөлінген. Ол кезде жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде олардың тозу деңгейі 78,8%-ға дейін төмендеген. Десе де бұл көрсеткіш тұрғындарды толық жылумен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Себебі өткен жылыту маусымында жылу желілерінде 25 технологиялық бұзушылық фактісі тіркеліп, салдарынан жылу пайдалануда шектеулер енгізілген болатын.
Еске сала кетсек, сәуірдің аяғында ҚР Премьер-Министрі Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін реконструкциялауға қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойғаны хабарланды. Оған сәйкес Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 млрд теңге бөлінеді.
Қызылордадағы оңтүстік қазандықтың үш бу қазандығын реконструкциялауға – 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Жалпы алғанда, жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары аясында Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногорск, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларында 10 энергия блогы, 55 қазандық және 45 турбина жөндеуден өткізілмек.
Ал өткен жылдың жазында Үкіметтің резервінен кезек күттірмейтін шығындарға деп, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына жалпы сомасы 8 млрд 400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген болатын. Онда қаражаттың басым бөлігі қазандықтар мен жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталатыны айтылған болатын. Сонымен қатар бұл сомаға отын беру галереясы мен аспирация жүйесін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары кіретіні хабарланды.