Тоқаев 71-ге келді: президентті туған күнімен кімдер құттықтады?

Жарияланды
Тоқаев туған күн
Тоқаев туған күнін тойламаған / Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 71 жасқа толды. Қазақстан президентіне Ресей мен Өзбекстан президенттері құттықтау жолдады. Кейбірі жеделхат жолдаса, енді бірі телефон арқылы құттықтаған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекет басшысын телефон арқылы тікелей құттықтаған. Бұл жайлы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан Президентін туған күнімен шын жүректен құттықтап, оған зор денсаулық, бақ-береке мен табыс, бауырлас қазақ халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынастарын нығайтуға және одақтастық деңгейіне жеткізуге қосқан үлесі ерекше атап өтілді», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге екі ел басшылары өзбек-қазақ көп салалы ынтымақтастығын одан әрі кеңейтудің өзекті мәселелерін талқылап, Хиуа қаласында өткен жұмыс кеңесіндегі келісімдердің орындалу барысы жайлы әңгімелескен.

Ал Ресей президенті мемлекет басшысына құттықтау жеделхатын жіберген.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы ретіндегі қызметіңізбен сіз отандастарыңыздың лайықты құрметі мен халықаралық аренада елеулі беделге ие болдыңыз. Ресей тарапы елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты, сондай-ақ ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға қосқан сіздің жеке үлесіңізді жоғары бағалайды. Мен үшін де арамыздағы жақсы достық қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта Ресей мен Қазақстанның бауырлас халықтарының игілігі үшін бірлесе жұмыс істеуді жалғастырамыз», – делінген құттықтауында.

Мемлекет басшысын Қазақстанда ресми сапармен жүрген Малайзия премьер-министрі Ануар Ибрагим де құттықтаған.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапары аяқталған Малайзия премьер-министрі Ануар Ибрагимді елорда әуежайынан шығарып салған. Еліне бет алған Малайзия елінің өкілі өзіне құрмет көрсеткені үшін Қазақстан президентіне алғысын білдіріп, оны бүгінгі туған күнімен құттықтап, торт тарту еткен.

Президент туған күнін тойламады

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі туған күнін атап өтпеген. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың өз туған күнін тойламайтынын, бүгін әдеттегідей жұмысқа келгенін хабарлаған.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін әдеттегідей жұмыс орнында. Бұл датаға байланысты ешқандай іс-шара жоспарлан жоқ. Жалпы президенттің отбасында туған күнді айырықша өткізу үрдісі жоқ», – деп мәлімдеген баспасөз хатшысы.

Ал президент әкімшілігіне бүгін құттықтаудан бас тарту ұсынылған.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 70 жас мерейтойын да атап өткен жоқ. Онда да мемлекет басшысының мұндай шараларды қолдамайтыны айтылған.

«Президенттің баспасөз қызметіне бұқаралық ақпарат құралдарынан Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтетіні туралы сұрақтар келіп түсіп жатыр. Осыған орай ешқандай іс-шара жоспарланбағанын хабарлаймыз. Президент мұндай шараларды қолдамайды», – деп хабарланған болатын.

Өткен жылы да Тоқаев бұл күнді жұмыспен өткізген. Мемлекет басшысы ол күні ресми сапармен Қытайға барған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз