Кәсіпкерлерден бірнеше мәрте пара алды деген күдікке ілінген Балық шаруашылығы комитетінің басшысына қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі хабарлады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы мен Комитеттің балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысына қатысты 2021 жылдан бастап 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде жалпы қамқорлығы үшін шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі негізде пара алды деген күдік бойынша тергеуді аяқтады»,-делінген хабарламада.
Агенттік мәлімдегендей, тергеу соты күдіктіге «электронды білезік» тағып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
«Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданды. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», -деп хабарлады ведомстводан.
Еске салсақ, осыған дейін Антикор Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы мен басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Күдікті кінәсін толық мойындаған.
Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров балық шаруашылығына қатысты қылмыстық қудалау мен шабуыл тоқтамай тұрғанын мәлімдедді. Оның айтуынша, қаржы агенттігі балық өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық іс қозғаған.
Депутат Бас Прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігіне балық зауыттарын тексерулерінің заңдылығын анықтауы қажет және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуы керек екенін баса айтты.