Жаңалықтар

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылы 5,1%-ға өсті – Қаржы министрлігі

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,1%-ға артқан / Фото: kursiv.media

2023 жылдың қортындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,1%-ға өсті. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.

Мәжілісте Үкімет мүшелері мен Жоғарғы аудиторлық палата республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Мәселен, соңғы бір жылда өңдеу өнеркәсібі ұлғайып, құрылыс индустриясы мен саудада өндіріс өскен. Қаржы вице –министрінің баяндауынша көлік қызметі, көтерме және бөлшек сауда салаларында да оң өзгерістер байқалады.

«Инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрады. Бюджет түсімдері 99,9 пайызға орындалып, 19,296 трлн теңгені құрады. Шығындар 22,417 трлн теңгеге (99,6%) орындалды. Бюджет тапшылығы 3,121 трлн теңгені құрады, бұл жалпы ішкі өнімнің 2,6 пайызын құрайды», – деді Темірбеков.

Вице-министр Ұлттық қордың активтері 10%-ға өскенін, яғни соңғы 3 жылда қордағы қаражат ұлғайғанын мәлімдеді.

«2021 жылы – 59,4 млрд доллар, 2022 жылы – 57,9 млрд доллар, 2023 жылы – $65,7 млрд-ты құрады. Кепілдендірілген трансферт 2022 жылы 4 трлн теңгеден 2023 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін төмендеді. Биылдан бастап кепілдендірілген трансферт көлемі жылына 2 трлн теңгеден аспайды», – деді ол.

Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 2024 жылы 1 балаға есептелген сома 100,52 долларды құрады. Вице- министр мемлекеттік қарыздың қаншаға жеткені жайлы да сөз қозғады.

«2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 27,2 трлн теңгені құрайды, бұл жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызын құрайды. Оның 24,9 триллион теңгесі мемлекеттік қарыздың үлесі (ЖІӨ-нің 20,9%). Қазіргі уақытта Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыш көрсеткіштері рұқсат етілген шектік көрсеткіште», – деп қосты вице-министр Темірбеков.

Сипкердің айтуынша, Үкіметтің алдыңғы 4 жылға болжамына сәйкес, мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 25% шегінде, ал мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 21% деңгейінде болады.

Еске сала кетсек, 15 мамыр күні Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанның 2024 жылғы экономикалық өсу болжамын 4,5%-ға дейін төмендетті. Өткен қыркүйекте ЕҚДБ 2024 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5% болады деп болжаған еді. Қаржы институтының мәліметіне сәйкес, болжамның нашарлауына елде болған су тасқыны әсер еткен. Қаржы институтының болжамынша, 2025 жылы елдің ЖІӨ-сі 5,5%-ға өседі. Бұған мұнай өндірудің артуы, ауыл шаруашылығының жандануы және жекешелендіру ықпал етеді.

Айта кетерлік бір жайт, Қазақстанның экономикалық өсімі аздап төмендеп барады. Бұны Ұлттық статистика бюросының статистикасынан байқауға болады. Еліміздің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы қаңтар-наурызда 104,7 %-ды құраса, қаңтар-сәуірде 103,9%-ға дейін төмендеп кеткен.